Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ІСКЕРЛІК КЕЗДЕСУЛЕР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
21

Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан стратегиялық маңызды аймақ, оның экономикалық дамуы мен іскерлік байланыстары жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Облыс Қазақстанның ішкі нарығымен бірге шетелдік серіктестермен де белсенді ынтымақтастықта.Түркістан облысы тұрғындарының назарына аталған салаға қатысты мәлімет ұсынамыз.

Аймақтағы кәсіпкерлер мен бизнес құрылымдар ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, туризм, қызмет көрсету салаларында кең ауқымды іскерлік байланыстар орнатуда. Түркістан облысы Қазақстан мен Орта Азия елдері арасында транзиттік дәліз қызметін атқарып, сауда мен инвестицияларды дамытуда үлкен әлеуетке ие.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Құрметті консулы, KITA-ның штаттан тыс директоры, Dongkwang Corporation-ның төрағасы Ли Санг Хун бастаған «Dongkwang Corporation», «BLE., Co Ltd», «ETOV» компанияларының өкілдерімен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейту туралы талқылады. Нақтырақ айтқанда, логистикалық хаб, тау-кен өндіру, кабель шығару бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы сөз болды.

– Корея – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі және біздің қарым-қатынасымыз көпжылдық достық пен өзара құрметке негізделген. Ең алдымен, 2024 жылғы қарашада Түркістан облысы делегациясының Корея мемлекетіне сапары аясында өткен бизнес-семинарды ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл іс-шара экономикалық және іскерлік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Түркістан облысы халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Жарқын мысалдардың бірі – Түркістан облысы әкімдігі мен Кореяның Халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасында Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы. Білім беру және технологиялар саласында биыл Түркістан қаласында Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі — «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Сондай-ақ энергетикалық ынтымақтастық шеңберінде біз «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп, облыста қуаттылығы 926 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысын іске асырып жатырмыз. Өңір табиғи ресурстарға бай және климаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Түркістан облысы Корея елімен ынтымақтастықты жалғастыруға және тереңдетуге дайын екенін ерекше атап өткім келеді, – деген Нұралхан Көшеров өзара тиімді және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды іске асыруға ашық екенін айтты.

Облыста инвестициялық климат жақсарып келеді. Негізгі инвестициялық алаңдар ретінде 15 индустриялық аймақ пен жалпы ауданы 3987,39 гектарды құрайтын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта АЭА-да 129 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 95-і іске қосылған. Түркістан облысы өңдеуші өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалану саласында үлкен әлеуетке ие. Облыс елімізде уран өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұдан бөлек, өңірде алтын, күміс, қорғасын, мырыш сияқты 38 түрлі пайдалы қазбаның қорлары бар. «Dongkwang Corporation» компаниясының төрағасы әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізіп, корпорацияның жұмысымен таныстырды.

– «Dongkwang Corporation» 30 жылдан астам уақыттан бері экспорт пен логистика саласында жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ автокөлік бөлшектері мен жағармай материалдарын жеткізу, кеме бөлшектерін жөндеу, чартер және жеткізу қызметтерімен айналысады. Бүгінде біздің оннан астам елде серіктестеріміз бар. Түркістан облысында да жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Ли Санг Хун.

Корей халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) – Оңтүстік Кореяның ең ірі іскерлік ассоциациясы. Ол 70 мыңнан астам компанияны біріктіреді. KITA Оңтүстік Кореяның жаһандық сауда компанияларының мүддесін қорғай отырып, оларды практикалық қолдаумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сауда саласында ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді және осы саладағы мамандарды дайындайды. Айта кетейік, биыл Түркістанда «C5+Korea» халықаралық форумын өткізу жоспарлануда. Бұл форум Корея Республикасының губернаторлар қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылмақ.

Түркістан облысы әкімдігі шетелдік инвестицияларды тарту үшін тартымды жағдайлар жасап, бизнеске қолайлы әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде. Сонымен қатар, өңірдегі бизнес ортада инновациялық жобалар мен стартаптарға ерекше көңіл бөлініп, оларды қаржыландырудың түрлі механизмдері ұсынылады. Қазіргі таңда Түркістан облысы іскерлік байланыстарды дамыту үшін логистикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ұлттық және халықаралық нарықтарға шығуына септігін тигізуде.

 

Leave a reply