Түркістан облысында шағын кәсіпкерлік дамып келеді

0
54

Кәсіпкерлер үлесі мол өңірде экономика қарқыны артары сөзсіз. Олар халықты жұмыспен қамтып, мемлекетке түсер салмақты жеңілдетеді. Осы орайда кәсіпкерлерге қолдау көрсету аса маңызды. Расында, кәсіпкерлік қызмет – тәуекелге бел буып жасалынатын экономикалық әрекет. Бүгінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке айрықша көңіл бөлінуде. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. 

Осы орайда, Түркістан облысында 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеуде. Өңірде кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан мен қала тұрғындарымен кездесулерде облыс басшылығы тарапынан осы бағытта түсіндірме және насихат жұмыстары атқарылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.  

– «Елдің кәсіпкерлікке деген ықыласы жақсы. Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд. теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн. теңгені құрады», – деді Ө.Шөкеев.  

Қазіргі таңда өңірде Түркістан облысы әкімдігінің тиісті басқармалары арқылы кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік жеңілдіктер алу жолын түсіндіру бойынша ауылдарда, қалаларда семинар-кеңестер жалғасып жатыр.  

Облыста инвестиция көлемі де ұлғайған. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2021 жылдың қорытындысымен 2,3 есеге артып, (2018 ж. – 288,1 млрд. теңге) 660,3 млрд. теңгені құрады. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында Түркістан облысы бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд. теңгеге, 4823 жаңа жұмыс орнымен 34 инвестициялық жоба енгізілген. 2020-2021 жылдары инвестициялық құны 13,6 млрд. теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2015 жаңа жұмыс орны құрылды. 

Leave a reply

Ақпарат қорғалған