ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫН ТАЗАЛЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, кесене маңына, тарихи-мәдени объектілердің аумағына сенбілік жүргізілді.
Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлықты қажет етеді. Әсіресе, киелі орындар мен саябақтардың, қала көшелерінің тазалығын сақтау өте маңызды шаруа екені айтпаса да түсінікті. Табиғатты аялау, қоршаған орта тазалығын сақтау – бүгінгі күннің басты талабы мен баршаға ортақ іс. Жастар қала тұрғындары мен қонақтарына елімізді таза ұстау, қаланың сәнін келтіру, оны көрікті ету жергілікті атқарушы биліктің ғана міндеті емес, оған тұрғын ретінде баршамыз атсалысумыз қажет екенін жеткізді.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. «Таза Қазақстан» экоакциясы асяында атқарылған жұмыстарға апта сайын талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда өңірде аталған акция аясында абаттандыру, көгалдандыру санитарлық тазалық, қоқыс шығару және полигондарды күтіп ұстау бойынша жұмыстар атқарылуда. Жалпы облысқа қарасты 807 елді мекенінде сенбілік жұмыстары кестеге сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза өлке – Түркістан» науқаны қарқынды өтуде. Акция аясында «Таза өлке» апталығы көшелерді тазалаудан басталды. Аталған шараға қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар, жергілікті тұрғындар белсенділік танытып, туған жер табиғатының түрленуіне үлестерін қосты. Атап айтсақ, игі бастамаға Сарыағаш ауданы қолдау білдіріп, қоқыс қалдықтары мен арық ішіндегі шөптерден тазарту жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Таза өлке» апталығындағы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауында. Бұл игі бастамаға Кентау қаласы да белсенділік танытуда. Қазіргі таңда қаладағы аллеяларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері тазаланып, сырланып, жарықшамдар қалпына келтірілді және талдардың түптері ағартылды. Қаланың кіреберіс келбетіне көрік беру мақсатында жерді өңдеп, жаңартып, қопсыту жұмыстары атқарылды. С.Сейфуллин көшесіне 5 мың дана раушан гүлі отырғызылды. Одан бөлек, көше қиылыстарына, аллеялар мен саябақтарға 20 мың дана раушан гүлін және 40 мың дана біржылдық гүлдер отырғызу жоспарлануда. Абай даңғылы бойындағы К.Жұмаділов атындағы аллеяға шырша, қарағаш көшеттері отырғызылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тарапынан 8500 түп қарағаш көшеттері үлестіріліп, «Жасыл аймақ» учаскесіне отырғызу жұмыстары атқарылды.