Қамба астыққа толды ендігі міндет – оның сапалы сақталуын қамтамасыз ету

0
49

Жер емген елдің ырыс-несібесі биыл да жаман емес. Көктемгі ауа райының жауынды болуынан бидай да бітік шықты. Ендігі бар күшті егістік  алқаптардағы астықты жауын-шашынға қалдырмай жинап алуға жұмылдырған диқандар дала жұмысының көрігін қыздырып-ақ тұр. Тіпті, еліміздің бірқатар өңірінде бидай жинау науқаны аяқталуға таяп, қамбасын астыққа толтырып, көңілін жайлап отырғандардың қатары арта түсті.

ҚР Ауыл шаруашылығы минис­трі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл бидай жиырма бес пайызға артық жиналған. «Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 миллион гектарды құрады. Жиын-терім науқаны қызған шақта ауа райы да қолайлы болып, дала жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Нәтижесінде бүгінде республика бойынша барлығы 15,4 миллион гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып алынды. Орташа түсім гектарына 13 центнер көлемінде болып, 20,1 миллион тонна астық бастырылды» деді министр.

Ресми дерек бойынша, былтыр орташа түсім гектарына 9,8 центнерден айналып, жалпы алғанда 14,9 миллион тонна өнім алынған болса, биыл 20,1 миллион тоннаны құрап, өткен жылдан 25,9 пайызға артып тұр.

Қырмандағы астықты қамбаға толтырып, оның сапалы сақталуын қамтамасыз ету де бүгінгі маңызы зор мәселенің бірі саналады. Осы мәселені негізге алған Премьер-министр Әлихан Смайылов жақында Үкімет отырысын өткізіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдерге астық жинау жұмыстарын тез арада толықтай аяқтап, астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар өңір әкімдеріне өнімнің астық қоймаларына уақтылы қабылдануын тұрақты бақылауда ұстауды, келесі жылға қажетті астық тұқымын толығымен қамтамасыз ету керектігін де баса айтты. Сөз соңында, осындай мол өнім алуға үлкен үлес қосқан диқандарға алғыс айтуды да ұмытпады.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Leave a reply

Ақпарат қорғалған