Өнеркәсіп өнімінің көлемі артты

0
53
Түркістан облысында экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі 534 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 млрд.теңгеге өскен. 2022 жылдың 8 айында облыстың өнеркәсіп әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 12 млрд. 700 млн. теңгеге 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта үшін маңызды ірі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін, 5 класты мотор майы мен мұнай өнімдерін өндіретін және фосфорит өңдеу зауыты іске қосылмақ.
Ауыл шаруашылығы саласында 477 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артты. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп жиналды. Елімізде салынған жылыжайлардың 71%-ы облысқа тиесілі. Жаңадан 85 гектарға жылыжайлар салынып, оның жалпы көлемі 1 552 гектарды құрады.
Мал басына қажетті азық 100% жиналып, 4 млн. тоннаны құрады. Жалпы мал қыстату науқанына
5 млн. тонна мал азығын жинау жоспарланып отыр. Түркістан аумағын ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар су нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарланған шаралар іске асырылса, жыл аяғында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жеткізілмек.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 169 млрд. теңгені құрап, 9%-ға өсіп, жыл басынан бері 486 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артқан. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы 85 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда (5 229 пәтер, 328,3 мың м2).
Бюджет есебінен 59 мектептің құрылысы жүргізілуде, нәтижесінде биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Бұдан бөлек, жеке инвесторлардың көмегімен 13 мектеп пайдалануға беріледі. Аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 53 мыңға жуық балаға мектеп формасы мен кеңселік тауарлар сатып алуға жергілікті бюджеттен 2 млрд. теңге бөлінген.
Жыл басынан экономика саласына 338 млрд. теңгеге жуық инвестиция бағытталып, ол өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артты. Жеке инвесторлар есебінен 10 жобаны іске қосу жоспарланса, бүгінгі күнге құны 4 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 128 жаңа жұмыс орны ашылды.
Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының бүгінде екінші кезеңі жүргізілуде. Жалпы, Түркістанды дамытуға 1,3 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар екенін  айта кетейік.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған