Жылыжай – табыс көзі

0
43
Бүгінде ауылда екі қолға бір күрек тауып, кәсібімен берекесін арттырып жүргендердің қатары көбейіп келеді. Жылыжай шаруашылығын жолға қойып, сол арқылы өзі де несібесін еселеп, өзгелерге де жұмыс тауып беріп отырған жандардың  бірі — Көлтоған ауылының тұрғыны Әсия Қабланова.  
Ә.Қабланова кәсіп ашу үшін 2020 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы оқып, сертификат алады. 2021 жылы ақпан айында өз бизнесін қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа ие болады.  Бұл қаражатқа  жылыжай құрал-жабдықтарын сатып алып, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтиды.
Жылыжай шаруашылығын жүргізу оңай емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Осы істі алғашында 2 сотық үйіргелік жерден бастаған ол, бүгінде шаруашылығын 6,5 сотыққа үлкейткен. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізу. Жылыжайды жылу жүйесімен, жарықпен, сумен қамтамасыз еткен ол күнара сатылымға 100-150 келі қияр шығарады.
– Бірде жолдасым екеуміз қандай кәсіп ашу керектігін ойласқанбыз. Ойға бірден осы жылыжай ашу идеясы сарт ете қалды. Алайда, кәсіп ашу үшін тәжірибе керек. Оңай емес екен. Мен жылыжайда болгар бұрышы мен қияр өсіремін.  Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы тұруы тиіс. Одан басқа тұқым таңдау, оны себетін жерді дайындау, қопсыту, арамшөптерін жұлу, піскен қиярларды жинау секілді жұмыстары жетіп артылады. Сапалы өнім алу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Маған күйеуім мен балаларым көмектеседі. Әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Барлығының шығымы жақсы.  Қияр 1,5-2 айда піседі. Өнімдерімізді өз ауылымызға және Шымкент қаласындағы «Барыс» базарына апарып өткізіп тұрамыз. Жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту де ойда бар. Көзін тапсаң, жұмыс көп қой, – дейді Әсия.
Мамандардың айтуынша, жылыжайда өскен ауыл шаруашылығы дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды.
Осы ретте айта кету керек, әлем бойынша жылыжай салу жөнінен Қытай алдыңғы орында тұр. Бұл елдің жылыжай алқабы шамамен 1,5 млн. гектарды құрайды. Бұл салада  АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей сынды мемлекеттер де жетекші мемлекеттер болып табылады.
Жылына бірнеше мәрте өнім беретін жылыжай шаруашылығы қай жағынан алсақ та  өте тиімді. Шағын жылыжай бір отбасыны ғана емес, кішігірім бір ауылды да асырауға қауқарлы. Тек істің көзін таба білсеңіз болғаны.
Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Leave a reply

Ақпарат қорғалған