Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ – СПАРТАКИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ

0
17

Түркістан облысында 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркелген. Онда 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) спорт түрі дамытылып, 2426 жаттықтырушы 60173 баланы кәсіби түрде спортқа баулып жатыр. Өңір тұрғындарының назарына облыста өтіп жатқан түрлі спорттық жарыстар жайлы мәлімет ұсынамыз. Көкшетау қаласында көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында шахматтан VII республикалық спартакиада өтті. Ауқымды додаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің 16 облысынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл сайыс ерекше жандардың спорттағы ерік-жігері мен қайсар рухын танытатын маңызды алаңға айналды.

Жарыс жекелей және командалық форматта ұйымдастырылды. Түркістан облысының намысын Арыс қаласының танымал шахмат шебері, білікті жаттықтырушы Асатулла Супбаев, Түркістан қаласынан Қуанышбек Жұмаділдаев және Кентау қаласынан Әсел Амангелді қорғады. Жерлестеріміз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, командалық есепте І орынды иеленіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл табыс – спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының жемісі. Осы тұста Қазығұрт ауданындағы «Жеңіс» спорт кешенінде «Ұлы Жеңіске – 80 жыл» толуына орай, шахматтан әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер, Азия чемпионы, Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасының қола жүлдегері Гүлмира Дәулетованың жүлдесіне арналған Түркістан облысының жасөспірімдер арасындағы облыстық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты жиында сөз алған Гүлмира Дәулетова турнирді ұйымдастыруға ұйытқы болған барша қолдаушылар мен жергілікті билікке алғыс айтып, жас шахматшыларға алдағы ойындарда сәттілік тіледі. Ол мұндай додалардың жас буынға рухани серпін беріп, болашақ чемпиондардың қалыптасуына ықпал ететінін ерекше атап өтті. Аталған турнир Қазығұрт ауданында екінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп отыр. Биылғы жарысқа Түркістан облысына қарасты 17 аудан мен қаладан 130-ға жуық дарынды жас шахматшы қатысуда. Турнир спортшылар үшін тәжірибе алмасуға, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға және шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік болмақ.

Жалпы облысқа қарасты аудан, қалаларда барлық спорт түрінен сайыстар өткізіліп келеді. Соның бірі, Төлеби ауданы Ленгір қаласындағы спорт кешенінде «Шахмат – ақылдың шайқасы» тақырыбында облыстық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов шахмат – адамның ақыл-ойын дамытатын бірден-бір ойын екенін айтып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша ҚР-ның Үкіметі «Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспарын» бекітті. Жоспар білім беруде шахматты дамытуды, оның ішінде вариативтік компонент сағаттары есебінен жалпы білім беретін мектептердің 1-4-сынып білім алушыларына шахматты оқытуды көздейді. Бұл бағытта аудан аумағында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Сайысқа облыс аумағынан 146 адам қатысып, өзара бақ сынады. Турнирге қатысушылар шахмат ойыны арқылы өздерінің шапшаңдық, шыдамдылық және аналитикалық және логикалық ойлау қабілетінің мүмкіндіктерін көрсетті. Турнир соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Түркістан облысында 3814 спорт нысаны тіркелген. Оның 2673-і білім беру мекемелерінде орналасқан 3056 нысан ауылдық жерде (80%), 758 нысан қалалы жерде (20%) тіркелген. 2023 жылдың қорытындысымен 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 38,4 пайызға жетіп (жоспар 31 пайыз), жоспар толығымен орындалған.

Облыста спорт инфрақұрылымын саралау нәтижесімен ауылдық жерлерде спорт нысандарын қажет ететін 96 елді мекен анықталып отыр. Талапқа сай емес спорт нысандары сарапталып, есептен шығарылуда. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» республикалық жобасы аясында өңірде 7 нысан (Бәйдібек – 2, Созақ – 1, Төлеби –1 Жетісай – 2, Мақтаарал – 1) құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. 2024 жылы 12 нысан құрылысы аяқталады. Аудан, қалаларда 44 нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі – 3 млрд. 939 млн. теңге. Былтыр спорт мекемелері ғимараттарында 5 ағымдағы және 1 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 мекемеге 56 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мәжілісте ескек есу каналының құрылысын жалғастыру мәселесі де қаралды. Жоба толық жүзеге асу үшін қаражат керек. Ұсыныстар қарастырылады. Сонымен бірге халықаралық талапқа сай атшабар мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы да талқыланды. Атшабарда ат спортын дамытуға, ірі жарыстар, бәйгелер, көкпар бәсекесін өткізуге барлық жағдай жасалмақ.

Жанкүйерлер секторы да заман талабына сай жасақталады. Жарықтандыру жүйесі жасалып, балаларды атқа мінуге үйрететін орын да жасақталмақ. Ал Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Биыл жазда тапсырылады деп күтіліп отыр. Облыс әкімі аталған нысандардың құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

 

 

Leave a reply