Суббота, 14 июня

ТҮРКІСТАН: РОБОТОТЕХНИКАДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТТАР ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕДІ 

0
23

Түркістан облысында TURKISTAN ROBO CUP 2025 республикалық чемпионаты өтті. Балалар мен жасөспірімдер арасында өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 130 команда құрамындағы 300-ге жуық оқушы қатысты. Чемпионатқа қатысушылар робототехника саласындағы заманауи технологиялар мен инженерлік дағдыларын мен командалық жұмысын көрсетуге мүмкіндік алды.

Чемпионат барысында түрлі конструкциялық шешімдер, инновациялық идеялар мен креативті роботтық жобалар ұсынылды. Қатысушылардың жобалары робототехника мен бағдарламалау салаларындағы тың ізденістер мен техникалық әлеуеттің бар екенін көрсетті. Робототехника, инженерия және технология саласында дарынды жастардың басын қосатын ерекше шара Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бастамасымен және ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Сайыс қорытындысымен «Робот құрастыру» 6-9 жас аралығындағы сайыста бас жүлдені Жамбыл облысынан келген Bee Bots командасы иеленді. «Биатлон» 12-16 жас аралығындағы сайыста бас жүлде Шымкент қаласының RoboPARK 2 командасына бұйырды. «Лабиринт» 12-16 жас аралығындағы сайыста бас жүлдені Түркістан облысы, Кентау қаласының RoboPARK 2 командасы жеңіп алды. «Роботтар шайқасы» 12-16 жас аралығындағы сайыста бас жүлдені Қызылорда облысынан келген ROBOSTARKZO командасы иеленді. TURKISTAN ROBO CUP 2025 – еліміздегі техникалық білімді ілгерілетуге, оқушылардың инженерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды білім беру алаңы.

Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына, шығармашылығын шыңдап, техникалық қабілеттерін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңірде балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырумен қатар, техникалық шығармашылық пен робототехника саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. 2024 жылғы жазғы маусымда Түркістан облысы бойынша 200 мыңнан астам бала тынығу және сауықтыру шараларымен қамтылды. Қазіргі таңда облыс аумағында 31 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның 9-ы – мемлекеттік, ал 22-сі – жекеменшік. Бұл лагерлерде балалар үшін түрлі мәдени, спорттық, танымдық шаралар ұйымдастырылып, шығармашылыққа баулуға бағытталған бағдарламалар енгізілді. Лагерьлер Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек, Қазығұрт, Сарыағаш, Сауран аудандарында және Шымкент қаласы маңында орналасқан. Атап айтқанда, «Самал», «Арман», «Тау барысы», «Изуми тау», «Тау шыңы», «Мейіржан», «Балауса», «Гавая» сынды сауықтыру кешендері балалар арасында кеңінен танымал.

Жазғы демалыс кезеңінде 35 434 бала бюджет есебінен тегін, ал 20 мыңнан астам бала ата-анасының қаражаты есебінен демалды. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 3 421 бала тегін тынығу мүмкіндігіне ие болды. Облыс әкімдігінің бастамасымен балалар үшін арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, 170 оқушы аймақтағы туристік орындарға, 50 оқушы Астана қаласына саяхаттап қайтты. Барлық лагерлерде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп, күзет қызметтері мен медициналық көмек толық қамтамасыз етілді. Санитариялық талаптар да қатаң сақталды. Жас ұрпақтың ғылым мен техникаға қызығушылығын арттыру мақсатында Түркістан облысында робототехника саласы да белсенді дамып келеді. Балалар мен жасөспірімдер түрлі олимпиадалар мен республикалық жарыстарға қатысып, өз қабілеттерін шыңдауда.

2025 жылы Түркістанда өткен «TURKISTAN ROBO CUP 2025» республикалық чемпионатына Қазақстанның әр аймағынан 130 команда, яғни 300-ге жуық оқушы қатысты. Қатысушылар робот құрастыру, лабиринт шешу, робот шайқасы секілді бірнеше санатта бақ сынады. Кентау қаласының RoboPARK 2 командасы «Лабиринт» бағыты бойынша жеңімпаз атанса, Жамбыл облысынан келген Bee Bots командасы «Робот құрастыру» сайысында үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, Төлеби ауданының жас өнертапқышы Жансұлтан Төребек жасаған «Асылбек» атты қымыз құятын робот ауыл тұрмысын жеңілдетуге бағытталған тың жобалардың бірі болды. Облыстағы Кентау политехникалық колледжі, сондай-ақ ел бойынша бірқатар жоғары оқу орындары – Тұран университеті, Атырау университеті, Торайғыров университеті – осы салада кәсіби мамандарды даярлауға үлес қосып келеді. Аталған оқу орындарында студенттерге робототехниканы жобалау, құрастыру және басқару бойынша толыққанды білім беріледі.

Түркістан облысында балалар мен жастарды жан-жақты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жазғы лагерлер балаларға қауіпсіз, мазмұнды демалыс ұсынса, робототехника саласы – олардың заманауи технологиямен еркін жұмыс істей алатын кәсіби тұлға ретінде қалыптасуына жол ашады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына, зияткерлік дамуына, техникалық қабілеттеріне қолдау көрсету – облыстың басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

 

Leave a reply