МӘДЕНИЕТТІ ҚОЛДАУ – ӨРКЕНИЕТКЕ ЖЕТУДІҢ БАСТЫ ЖОЛЫ

0
47

Сауран ауданы әкімінің бастамасымен қолға алынған «Сауран — ынтымақ пен татулықтың мекені» атты достық керуеніне қосылып, көргенімізді жария ету үшін осылай тақырып қоюды жөн санадық.
Өткен жұмада қатардағы кезекті кездесу емес, жаңаиқандықтардың жасы мен қартының делебесін қоздырған кереметтей шараның куәсі болдық. Ауданның мәдениет майталмандары ұйымдастырған шара Жаңа Иқан ауылдық клубында өнерсүйер қауымға туған топырақ-тың қасиетін ұғындырды. Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров өзі бас-тап барып, көңілді кештің шымыл-дығын түріп берді. Сонымен бірге, әкім белсенді өнерпаздарды арнайы сахна төріне шақырып, ыстық ықы-ласпен ерекше құрмет көрсетті. Би-лік осылай қолдау көрсетіп тұрған соң әртістер аянып қалсын ба. Сауран аудандық мәдениет үйіне қарасты «Қарашық» өзбек-халық театры дүйім жұртты бір күлдіріп, бір жылатып жазушы-драматург Елтай Бимаханбетұлының «Қырсық келін» қойылымын сахналады. Қоғамды ұйыстырудың кілті әрбір отбасының ынтымағында жатқанын шебер орындап жеткізген Сауран аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Достық» этно-ансамблі, «Дилшод» ән-би ансамблінің өкілдері жиналған жұртшылықты тату тұрмыстың даңғыл жолына еріксіз жетеледі десек артық болмас.
Өнер адамдарының күйі болмай, халықтың көңілі тоқ болмайтыны тұрғысында айтылатын даналық сөздердің төркіні – елдің ынтымақ-бірлігіне саяды емес пе.
Осы кеште ұққанымыз аудан басшылығы мәдениет саласын жаңғыртуға ерекше ден қойғаны аңғарылып тұр. Бір қарағанда ауданның түкпіріндегі ауылда өтіп жатқан концертке сан жұмыстың арасынан уақыт тауып барып, өнер адамдарына ерекше ілтипат білдірген Мақсат Асылбекұлының бұл қадамынан кезінде Өзбекәлі Жәнібеков салған сара жолдың жалғасын көргендей болдық. Сонау Торғай жерінде саусақпен санарлық қана жылдар ішінде мәдениеттің дәнін сеуіп, мәуелі баққа айналдырып үлгерген тұлғалардың тәжірибесін қолданып, нәтижелі іс жасалып жатса несі айып? Мәдениеттің негізі қаланған әр аймақтағы осындай өнер ошақтарының лаулап жанбай тұрғаны бірінші кезекте қолдаудың кемдігі екені жасырын емес. Осы ретте Сауран ауданындағы ауыл-аймақтарды аралап жолға шыққан достық керуенінің Жаңа Иқан ауылдық округіндегі алғашқы қадамынан-ақ сәтті жоба деп топшыладық. Ендігі кезек Қарашық ауылдық округінде.
Айта кетейік, аудан әкімі Мақсат Асылбекұлының бастамасымен іске асқан керуен мәдениет саласына серпін беріп, тұрғындардың ынтымақ-бірлігін нығайтуды көздейді. Осындай бағытта аталмыш шара Сауран ауданына қарасты барлық ауылдық округте жалғасын таппақ. Халықтың рухани кемелдене түсуі елдегі ынтымақ пен бірліктің негізі десек, оның қабатында тұрмыстың түзеле түсуі де заңдылық. Атап өткеніміздей нәтижелі тәжірибелерге сүйеніп, еңбекке бейім саурандықтарға қайрат беріп, рухани жігерленуіне өнер адамдарының қосатын үлесін ескеріп, қолдау көрсетуі жергілікті биліктің ең ұтымды шешімдерінің бірі де, бірегейі болмақ. Ауыл-аймақ тұрғындарының ішіндегі өзара келіспеушіліктерді құзырлы органдардың көмегімен сол сәтте шешкен болып, мәселені жылы жапқаныңмен оның ертең ушыға түспесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ондай жағдай күнделікті тұрмыста көрініс тауып жатқанын көз көріп жүр. Ал халық жүрегіне ұлттық құндылықтармен көмкерілген руханият дәні себіліп, уақыт өте ол өз жемісін берсе бүгінгі қоғам дертінің шипасы осында жатыр деп біліңіз.

Leave a reply