ТҮРКІСТАН: ШАРШЫ АЛАҢДА ЕР БЕКЗАТТЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ

0
122

Қаламыздағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2000 жылы Сиднейде өткен ХХVII жазғы Олимпиада ойындарының жартылай жеңіл салмақ бойынша чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында ХVII-ші республикалық турнир өз мәресіне жетті. 2009-2010 жылы туған жас былғары қолғап шеберлері арасында өткен дәстүрлі жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық спортшылар қатысты.

Айтулы жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова, Түркістан қа-лалық мәслихатының депутаты Ғалым-жан Худияров, №4 БЖСМ директоры Болат Саттархановтар жас боксшыларға сәттілік тілеп, дүбірлі жарыстарда көк туымызды желбіретіп, қазақ елінің атын бүкіл әлемге таныта берулеріне тілектес екендіктерін білдірді.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекзат Саттархановтың туған күніне орай ұйымдастырылған жарысқа Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мұрындық болды. Шаршы алаңда бес күнге жалғасқан тартысты жекпе-жектерде жасөспірімдер бар шеберліктерін паш етті. Мықтылары жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, түркістандық Құралбай Қуаныш (32 Б келі) – 1-ші орынды, Артық Рамазан (34 келі) – 3-ші орынды, Исмайлов Қуаныш (36 келі) – 1-ші орынды, Сейілхан Дархан (38 келі) – 2-ші орынды, Бақберген Жанарыс (40 келі) – 1-ші орынды, Асанәлі Алиимран мен Пазылхан Мұхамедәлі (42 келі) – 2-ші және 3-ші орынды, Сансызбай Бақон, Әлі Ерасыл мен Арыстанбек Дінмұхамед (44 келі) 1-ші және 3-ші орындарды, Базарбек Бағлан (46 келі) – 3-ші орынды, Қалдыбек Даниял (48 келі) – 3-ші орынды, Әлімбай Қыдырәлі (50 келі) – 3-ші орынды, Хабибулла Нұржан (52 келі) – 3-ші орынды, Асқарбек Саят (54 келі) – 1-ші орынды иеленіп, мерейлері үстем болды. Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаз және жүлдегер боксшыларға диплом, медаль және естелік сыйлықтар табысталды.

Иә, 20 жасында олимп шыңын бағындырып, шаршы алаңда жасындай жарқыраған Бекзат Сейілханұлы көзі тірі болғанда 4 сәуір күні 42 жасқа толар еді. Бүгінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Бекзаттың ерлігі мен жеткен жетістіктерін қазақ жанкүйерлері түгілі күллі әлем біледі. Олимпиада ойындарының жеңімпазы бұл фәниден өтсе де, оның есімі ел есінде мәңгі сақталады.

Leave a reply