ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ БҰЙЫМДАРҒА СҰРАНЫС АРТҚАН

0
52

Бүгінде заманына қарай кәсіптің түр-түрі бар. Көзін тауып, ұршықша иіріп әкеткеннің ісі алға басары анық. Десе де өз кәсібін гүлдендіріп, пайда табумен қатар халықтың қолөнерін жаңғыртып, ұлттық киімдерді заманауи нақышта әрлеп, бүгінгі күнмен үйлестіре отырып ұлттық құндылықтарымыздың ұмыт болмауын ойлап, ұтымды идеяларымен қиялдағы шабытын да, кәсібін де шарықтатып отырған Шарбану Дурманқызы жайлы естіп, Наурыз мерекесі қарсаңында «Бикеш» сән үйіне бас сұғуды жөн көрдік.

— Шарбану ханым, әр халықтың болмысын аша түсетін ұлттық киімдердің ұмытылмай, оның әрдайым қолданыста болуына үлес қосып жүрген жандардың бірі екенсіз. Көз қуантып, көңіл жадыратар кәсібіңіз жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.

— Мен өз кәсібімді 2019 жылы бастадым. Бұл кәсіпті таңдауымның негізгі себебі, ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өзіндік үлесімді қосу, кішкентайымыздан әже-апаларымыздан көрген қазақы нақыштағы дүниелердің ғұмырын жалғастыру еді. Алғаш «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында оқып, сертификат алып «Атамекеннің» қолдауымен 505 мың теңге көлемінде грантты жеңу арқылы осы істі бастадым. Сол қаражатқа тігін машинасын алып жәйлап тапсырыстар қабылдай бастадым. Бүгінде 100-ге жуық қыздардың жасауын дайындап, тапсырысшылардың талабынан шықтым. Сонымен қатар, қазіргі заманға сай білімімді жетілдіру мақсатында осы ұлттық қолөнердің насихатталу жолында зор еңбек етіп жүрген белгілі тігінші, он саусағынан бал тамған қолөнер шебері Гүлстан Жандосқызынан офлайн сабақ, танымал этнодизайнер Ырза Тұрсынзада ханымнан онлайн сабақтар алдым.

— Жасап отырған кәсібіңіз қол еңбегінен басқа түрлі материалдарды, алуан түрлі құрал-жабдықтарды қажет ететіндігі байқалады. Бұған қалай төтеп бере алдыңыз?

— Иә, дұрыс айтасыз, бұл шаруаның шығыны да шашетектен деуге болады. Дегенмен, «шығын болмай, кіріс болмайтынын» ескеріп, тәуекел етіп өз қаржыма сеніп істі бастадым, және де айтып өткенімдей «Атамекеннің» қолдауымен алған қаржы маған айтарлықтай көмегін тигізді. Осы орайды пайдаланып, ісін жаңадан бастауға ниетті жандарды қолдаған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына зор алғысымды білдіремін.

Бүгінгі жаһандық дәуірде өзіміздің мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен ерекшеленіп, жерде қалмайтынымызға ұдайы мотивация беріп отыратын Ырза, Гүлстан, Құралай сияқты әпкелеріміздің елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танылып жатқан ерен еңбектері маған зор күш-қуат беріп отырады. Олардан үйреніп, оларды үлгі тұту арқылы мен де біраз тірлікті үйіріп әкеттім деп ойлаймын. «Өзгенің жасағанын мен неге жасай алмаймын?» деп алға қарай жетелеген ұмтылыспен және құлшыныспен біраз тапсырысшылардың назарына іліктім. «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және AIKA ALEMI-мен бірлесіп ұйымдастырған «Қолөнер бренді және өнім» атты оқу курсынан сәтті өттім. Сөйтіп 2021 жылы 2,5 млн көлемінде тағы грант алдым. Осылай өзімді жігерлендіру арқылы ісімді жалғастырып жатырмын.

— Қазір жаныңызға көмекші қыздарды да тартқан боларсыз, көбіне қандай бұйымдар тігесіздер?

— Иә, тапсырысқа қарай көмекшілерді шақыртып отырамыз. Бүгінде жанымда 3 қыз тұрақты жұмыс істейді. Біз көбіне қыз жасауының басты бөлігі қалыңдық пен күйеу жігітке арналған ұлттық киімдерін, камзол, шапан, кәжекей, кеудеше, белдемше сияқты сырт киімдерді, сонымен қатар қыз жасауына арналған көрпе-төсектің түр-түрін дайындап шығарамыз. Ал, олардың заманына қарай саналуан түрлері пайда болған. Атап өтсек, махаббат көрпе, құрақ көрпе, күйеу көрпе, құда-құдағи көрпе, төркөрпе, жастар құрала берсін деген мақсатта ұсақ тігіспен тігілетін ши құрақ, ірі тігісті аққу құрақ, отбасымен бірігіп, ынтымақты болсын деген оймен тырна құрақ, мойын жастық, төрт құбылаң тең болсын деген ниетпен қошқар мүйіздің өрнегі салынған жастықтар, сұранысқа сай этнокартиналар әзірлейміз. Міне, салт-дәстүрге бай ата-бабаларымыздың киімге қаншалықты көңіл бөлгенін байқадыңыздар ма?! Қыз жасауында қолөнерге аса көңіл бөлудің мағынасы — жас жұбайлар дүниенің қадірін білсін, қолөнерді бағаласын деп барлығын қолдан жасаған.

Киімдермен қатар сөрелер қатарын ағаштан жасалған ұлттық ыдыс-аяқтар, кәдесыйлар толықтырып тұр. Олар бүгінде қайтадан қолданысқа жаппай еніп жатқан астау, тегене, тостаған, ожау, саптыаяқ сияқты экологиялық таза табиғи материалдардан жасалған ыдыстар. Қазақтың ою-өрнегі басылған, көздің жауын алар әдемі ағаш ыдыстарды мұнда сатып алуға да, жалға алуға да болады.

Ұлттық кәдесыйлар да киізден, теріден, ағаштан, сүйектен, металлдан жасалған. Қазақ даласының қолөнершілерінің қолынан шыққан бұйымдарға деген сұраныс артып, бүгінде әр шаңырақта арнайы бөлме жасалып, осындай заттармен толықтырылып жатқаны қуантады.

— Демек, ұлттық бұйымдарға деген сұраныс айтарлықтай артып жатқаны ғой…

— Қазақтың ұлттық ою-өрнегі салынған киімдердің, ұлттық нақыштағы әшекейлі бұйымдардың сәнге айналғанына біраз болды. Бүгінде талғамы жоғары тапсырысшыларымыз сапаға аса назар аударады. Бұл жағынан мүлт кетпеу керек. Солардың ойынан шығу үшін фантазияны іске қосып, ізденуге тура келеді. Осыны білетін біраз тапсырысшыларымыз бар, олардың таныстары, жақындары, әлеуметтік желі бар дегендей, айналамызға еңбегімізді бағалайтын біраз жандарды жинадық деген ойдамын.

Десе де ұлттық болмысымыздан сыр шертетін ұлттық киімдерді, бұйымдарды жылына бір рет Наурыз мерекесінде ғана киіп-тақпай, күнделікті пайдаланса қандай жарасымды. Жоғарыда отырған депутат Оразгүл Асанғазы апамыздың ұлттық ою-өрнек түскен киімдерді күнделікті киюді қолға алуының, оны елге, жастарға үлгі етіп көрсетіп, себебін тәптіштеп түсіндіруінің өзі жақсы бастама деп ойлаймын. Бұл жал-ғасын тауып, жастар жаппай дәстүрге бет бұрса, ұлттық құндылықтарымыз-дың ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынына нық сенімді болар едік.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған