ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
25

Өңірде аталған кәсіпке қызығушылар саны күн санап артып келеді. Тиісінше олардың талап-тілектері де назардан тыс қалмауы тиіс. Осы орайда Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысында балық өсіруші шаруалар тарапынан түскен өтінім-талаптар тыңдалды. Күн тәртібінде балық шаруашылығына жұмсалатын ағын су тарифын реттеу және негізсіз тексерулер мәселелері талқыланды.

Түркістан облысында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетіп отыр. Оның ішінде 147-сі тоғанды балық өсіру шаруашылығы болса, 97-сі жаңадан ашылған тоғандар. Облыс балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті. Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. Балық өсіруші шаруалардың айтуынша, балық шаруашылығындағы кәсіпкерлерге суды егінге қолданылатын су тарифымен төлеу тиімсіз. Себебі, егіншілік пен балық шаруашылығының су тұтынуында үлкен айырмашылық бар.

«Егінге алынатын су жүз пайыз жерге сіңіп егін қажеттілігіне жұмсалса, балық шаруашылығына алынатын судың басым бөлігі тоғандардан өтіп, қайтадан су арнасына қосылады. Тоғанды салуға арналған жобаларға «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» талабы бойынша су шығыны 5% дан аспауы керек», — деді Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков.

Кәсіпкерлер су арнасына қайта қосылатын 95% суды ескере отырып балық шаруашылығы субъектілеріне қолайлы етіп ағын су тарифын жасақтау керектігін алға тартып отыр. Бұл мәселе орталық аппаратқа жолданып, оңды шешу жолдары қарастырылатын болады. Түркістан облысында қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар.

Былыр саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Өткен жылдың соңғы алты айында да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 млн теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30%, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25%-ін мемлекет өтейді. Қазір Түркістан облысының Шардара ауданында балықты терең өңдейтін бес зауыт жұмыс істейді. Олар былтыр 5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 80 пайызын экспортқа шығарды. Тапсырыс тек Еуропа елдерінен ғана емес, Америкадан да түскен. Биыл өңір кәсіпкерлері 5 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттауды көздеп отыр.

Leave a reply