Төрткүлде терім қызып тұр

0
52
Бір айдан бері «ақ алтынды» алқаптарда мақта теру науқаны қызу жүріп жатыр.  Төрткүл ауылдық округінде де  диқандар ала жаздай өсіріп баптаған мақтасын жауын-шашынға қалдырмай, ертерек жинап алу үшін әрекеттенуде. Ауылдық округ әкімінің орынбасары Нұрлан Құдияровтың  айтуынша, аумақта барлығы 4300 гектарға шит себілген.  «Рамазан агро» ЖШС алғаш болып 723 гектардағы қозалыққа комбайн салды. 
Біз егістік алқабына келгенде диқандардың қарбалас тірлігін көрдік. Алыста 2 «Джон Дир» комбайны көлде жүзген қаздай жаймен жылжып келеді. Механизмнің гүрілдеген даусы алыстан естіледі.  Алдымен жолыққан бригадир Нұрман Әбілқасым шаруа жағдайынан хабар берді. Көктемде мақта шитінің «Эдесса» сұрыбы себіліпті. Жұмысшылардың ерен еңбегінің нәтижесі қуантарлық. «Көгілдір кемелердің» мақта теріміне кіріскеніне 10 күннен асыпты. Ұжымда 8 комбайн бар екен. Механизаторлар Нұрболат Нұрланұлы мен Нұрлан Рақымжанұлы әрқайсысы күніне егістік алқаптың
10 гектарын жүріп өтіп, қырманға бункерден 30 тоннадан астам «ақ алтын» жинауда. Қазіргі таңда 500 гектардың мақтасын жинаған. Гектарына түсімі 30 центнерден айналуда. Ал, тракторлар жиналған өнімді Төрткүл мақта зауытына тасымалдауда. Бұдан басқа 10 жұмысшы қосымша жұмыстарға жұмылдырылған.
Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ.
СУРЕТТЕ: Н.Әбілқасым, Н.Нұрланұлы, Н.Құдияров.
Ордабасы ауданы. 

Leave a reply

Ақпарат қорғалған