ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ТҮРКІСТАН ӨРЕНДЕРІ МЫҚТЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

0
101
Түркістанда елімізге танымал бапкер, кезінде бокстан ұлттық құрама командасын Атланта олимпиадасына бастап барған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған турнир аяқталды. Бүгін аламан бокс додасының жеңімпаздары марапатталды. Шаршы алаңға шыққан барлық жұдырықты жігіттер нағыз бастарында екендіктерін көрсетті. Халықаралық бокс додасында Қазақстанның намысын қорғаған Түркістан облысының талантты өрендері сенімді ақтады.
Атап айтсақ, Әбдіғалым Абдикарим 67 келі салмақта топ жарса, 75 келі салмақта жасындай Рамазан Дауетай чемпион болды. 80 келіде түркістандық Бекболат Әбдікерімнің бағы жанып, жеңімпаз атанса, +92 келі салмақта Даниаль Сапарбайдың бағы жанды.
Марапаттау жиынына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Әбдісалан Нұрмахановтың жары Күлпәш Ғалымжанқызы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.
Халықаралық бокс бәсекесіне көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Камбоджа, Моңғолия мен Куба боксшылары да қатысып, күш сынасты. Бұл додада қазақстандық былғары қолғап шеберлері мықты екендіктерін дәлелдеді. Айталық, Түркістан облысының спортшылары 4 алтын, 3 күміс және 6 қола медаль еншілеп, көш бастады. Ал командалық екінші орынды Шымкент қаласының боксшылары иеленсе, Алматы қаласының құрамасы үшінші орынды місе тұтты.

Leave a reply