Шардаралық диқандар 5300 тонна қарбыз экспорттады
Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында: – «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады» – деп, ауылшаруашылығының, оның ішінде егін егу саласының маңызы зор екенін атап өткен болатын.
Осы орайда, президенттің Жолдауында айтқан сөздерін негізге алған диқандар өз кәсібіне ерекше ықтиярмен кіріскен еді.
Диқандар үшін көктем мен жаздың әр күні қымбат. Себебі, ерте көктемнен егін жұмыстарымен айналысып, одан өнім шығару кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Нәтижесінде, еңбектің рәтті болуы да диқанның егін даласына төккен терімен бағаланады. Осыған орай, шардаралық диқандар мен кәсіпккерлердің еңбегін айтып өтпесек жөн болмас. Бүгінде, шардаралық диқандар мен кәсіпкерлер 5300 тонна қарбызда экспорттап үлгерді. Өнім Қазақстан аумағы, Ресей, Моңғолия және ТМД елдеріне жөнелтілді.
Биылғы жылы қарбызды тұтынушылар егістік алқабынан бір келісін 105-110 теңге аралығындағы бағаға сатып алуда. Диқандар мен кәсіпкерлер алдағы уақытта экспорт көлемі артатынын айтып өтті.
Жалпы, биылғы жылы ауданда 8500 гектарға жуық бақша алқабы егілген. Алдағы уақытта одан 222 мың тоннадан астам өнім жинау күтіліп отыр.
Жалпы, қазіргі таңда агроөнеркәсіп саласына қойылатын талап жоғары. Әсіресе ауыл шаруашылығы. Оның ішінде егін егу саласы мен мал шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту ел экономикасының негізгі күші болып табылады. Мемлекеттің экономикасының өрлеуіне үлес қоса отырып, еліміздің барлық аймақтарында егін салып, еңбек етіп жатқан диқандар мен шаруашылық иелерінің істеріне береке тілейміз.