ШАҺАРЫМЫЗДЫҢ КЕЛБЕТІ АЖАРЛАНЫП КЕЛЕДІ

0
111

Түркістан қаласының даму үдерісі жайлы қала тұрғындарымен ашық сұхбат жариялаған болатынбыз. Осы санда да редакциямызда іс-тәжірибеден өтіп жүрген жастарымыз түркістандықтардың пікірін жинақтапты. Облыс орталығы атанған шаһардың бес жыл ішіндегі жеткен жетістіктері мен әлі де ескерілуі тиіс мәселелері соның ішінде инженерлік-инфрақұрылым жүйелері тұрғысында сөз болады.

Түркістандағы саябақтар, субұрқақтар туралы айтатын болсам меніңше өте көптеп салынған. Кейбір саябақтар,субұрқақтар мүлдем жұмыс жасамайды. Оның орнын тиімді етіп пайдалануға болады. Дегенмен қала тұрғындары демалатын саябақтар көңілден шығуда, кешке жұмыстан шаршап шыққанда сергіп қайтатын саябақтардың жұмысы жақсы жүруде. Бірақ қала тұрғындары сол саябақтарда пикник жасап ластау үстінде, менің ойымша су бар жерде адамдардың пикник жасауы дұрыс емес, себебі суды ластап қоқыс лақтыратын адамдар көп.

©Бақдәулет Ибадулла

 

Түркістандағы электр жүйесі мен желілері даму жағынан төмен деп айта аламын. Электр жүйесі мен желілердің нашар болу себебі коронавирус кезінде байқалды, оқушылар мен студенттер өте қатты зардап шеккен болатын. Бірақ көп көшелерге жарық орнату жүйесі жүріп жатыр деп айтуға болады. Дауыл, жел, жаңбыр болса байланыс бірден нашарлап Е–болып қалып жататын күндері басым, жарық болмаса интернет те жоқ.

© Сәния Ақтарқызы

 

Жалпы Түркістан қаласында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Орталық саябақтар т.б қоғамдық орындар жақсарып келеді. Қаланы айнала қоршаған жасыл белдеу қаламызға үлкен септігін тигізуде. Алайда парктердегі ағаш санының аздығы, көлеңке бола алмайтындығы тиімсіздік туғызады. Эко белсенділеріміз қоғамдық бірлестіктермен, жастармен, халықпен бірге ағаш егу акцияларын ұйымдастырса деймін.

© Ерлан Бугабаев

 

Иә, әрине көңілім толады. Себебі әр мереке сайын қаламызға жан-жақтан қонақтар ағылып жатады. Қазіргі таңда осы болып жатқан іс-шараларға тіптен туристер көптеп келуде. Әр мереке сайын облыс әкімінің ұйымдастыруымен ерекше форматағы іс- шаралар менің ғана емес барлық қала тұрғындарының көңілінен шығып жатыр деген ойдамын. Қаламыз өркендеп дами берсін.

© Қайрат Өтеген

 

Қаламыздың жарықтандыру жүйесі өте керемет. Басқа калалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Себебі қаламыздың имиджін көтеру үшін, қала қонақтарына ерекше әсер қалдыру үшін әрбір паркте, ойын сауық кешендерінде бір біріне ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктермен безендіріп тұр. Атап айтар болсам, Керуен Сарай орталығы шығыс стилінде, Жібек Жолы дендропаркі, Жаңа қала ықшам ауданы заманауи үлгіде безендіріліп, жарықтанды-рылған. Қаламыздың басшылығына алғысымыз шексіз. Әрі қарай қаламызды көркейте берсін.

© Ұлан Бердалин

 

Байланыс мәселесі әрине 100% пайызға жақсы, керемет деп айтуға келмейді. Бірақ, күнделікті хабарламаларымызды, почтаға жіберетін құжаттарымызды еркін жібере аламыз. Отбасымызбен, жұмыстастарымызбен байланыс орнатамыз. Онлайн кезде де сабақтарымызды оқушыларға интернет арқылы түсіндіре алдық. Қазіргі кезде көптеген курстар, онлайн сабақтар дәуірі болып жатыр. Оларды да үйде жатып көріп жүрміз. Көптеген кино, музыкаларды тартып тыңдап, қарауға мүмкіндіктер бар. Электр жүйесі дамымаған елдерге қарағанда едәуір жағдайымыз жақсы деуге болады.

© Самат Алмат

 

Қаламыздың көгалдандыру жүйесі керемет. Қала тұрғындары да, қала қонақтары да дән риза. Алайда, атап өтуіміз керек деп ойлаймын, бірнеше жерде үлкен фонтандар жұмыс жасамайды. Кешкі уақытта да ыстық ауа жайсыздық тудырады. Мысалы, «Рәміздер алаңы» саябағы мен «Керуен Сарай» саябағының фонтандары. Жергілікті жауапты мекемелер қысқа уақытта шешім шығарғаны жөн. Себебі, қаламыз өте ыстық қалалардың бірі. Жаз уақытында қолайсыздық туындамағаны жөн. Бірақ, балаларымыз саябақтарда ойнап, әткеншек теуіп, өз уақыттарын жақсы өткізеді. Заманауи, ерекше фонтандар бой көтеріп жатыр. Түнгі уақытта түрлі түске енетін саябақтар кешкі қаланың ажарын айшықтай түседі

© Рүстем Әуесхан

Сауалнаманы жүргізгендер:

Аружан БАРЛЫБАЙ,

Ту-Бегі АБЫЛАЙ,

Арайлым МӘДЕН,

Ақтілек ҚАЙРАТҚЫЗЫ.

Leave a reply