Шымкенттің әр үшінші тұрғыны – білім саласында

0
99
Орташа есеппен алғанда мегаполис тұрғындарының әр үшіншісі білім беру саласында тәрбиеленіп, немесе, мектепте мен колледжде оқып жүр. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз жиынында осылай деді.
Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, білім беру саласына 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 135 млрд теңге қаралған. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 84 млрд теңгеге артық.
– Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халық алдындағы есебінде қаланың дамуының 5 негізгі бағытын атап көрсеткен болатын. Соның ең бастысы – адами капиталды дамыту. Осы бағытта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ішкі саясат және дін басқармалары жұмыс атқаруда. Өздеріңіз байқағандай, бес бағыттың алғашқы бағыты – адами капиталды дамыту бағытына баса назар аударылуда, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда қалада 760 білім беру мекемесі бар, онда 341 814 білім алушы тәрбиеленіп жүр. Білім саласының қаланың әлеуметтік өміріндегі орны осыдан байқалады. Қазіргі таңда мемлекеттік бюджеттен қаржы қаралып, 7 798 оқушы жазғы сауықтырумен қамтамасыз етілуде.
«Бұған қоса «Мектепке жол» акциясы аясында жаңа оқу жылы қарсаңында 55 мыңнан астам оқушы мектепке қажет заттармен қамтамасыз етіледі. Ал қаладағы 3-6 жасар балалар бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне деген сұраныс толық қамтамасыз етілген», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Leave a reply