Шымкент: Еліміздің Бас мүфтиі этноауыл кешенін аралады
Көне Шымкент қаласының орнына салынған этноауыл тарихи кешені Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында биыл 1 мамырда ашылған болатын. Жаңа кешеннің қазіргі жұмысымен танысу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация арнайы келді.
Жаңа орталықтың директоры Саттар Фазылұлы музейді аралатып, көне жәдігерлерді көрсетті. Оның айтуынша Шымкент қаласының тарихы 2200 жылды құрайды. Дәл осы орында қаншама жыл бұрын бекініс, ескі қала болған екен.
Қазіргі уақытта тарихи кешенді жаңғырту мақсатында көне жәдігерлерді көптеп жинап, бұрынғы қалпын сақтауға жұмыс жүргізілмек. Этноауылды қала тұрғындары ерте көктемнен күзге дейін, дүйсенбі мен жексенбі аралығында келіп, тамашалай алады.
Айта кетейік, этноауылда бұдан бөлек жәрмеңке де ұйымдастырылады. Туристерді тартуға арналған орталықтың ерекшелігі мұнымен бітпейді. Сондай-ақ театр шатыры мен ашық аспан астындағы сахна да құрылған. Жауапты мамандар енді мұнда фотосессия жасап, той ұйымдастыруға да мүмкіндік берілетінін айтады.