«Шымкент Кашемир» кәсіпорны жылына 10 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы

0
111

Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасында 2019 жылдан бастап жүнге салынатын кедендік баж салығын алып тастау мәселесі көтеріліп келеді. Салық көлемі өнім құнының 10%-ын құрады.

Жергілікті фермерлер мен қой жүнін өндірушілер ел ішінде сұранысқа ие болмаған шикізат, шетелде де бәсекеге қабілетсіз болғанына шағымданды, өйткені экспорттауда салынған баж салығы бірден бағаға әсер етеді.

Соңғы кезде қой жүнін экспорттауда баж салығын алып тастау мәселесін өндірушілер «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен Өңірлік палатадағы онлайн-жиналыста көтерді.

«Өңірде қой жүнін өңдеу бойынша бірегей кәсіпорын «Шымкент Кашемир» ЖШС жылына 10 мың тонна өнім өңдей алады. Алайда небәрі 1 мың тонна өнім өндіруге мәжбүр. Өйткені компания шығаратын өнім Қытай нарығына бағдарланғандықтан, жүнге салынатын экспорттық-кеден салығы Қытайға экспортты тиімсіз етеді. Бүгінге дейін кәсіпорын жеке өндірісінде дайын өнімді шығаруға небәрі 1% (10 тонна) жуылған жүнді қолданады. Осы ретте кәсіпорынның қоймасында 1000 тоннадан астам жуылған жүн бар, кәсіпорын жұмысы тоқтап тұр, кредиторлар алдындағы міндеттемелер негізгі борышты уақтылы төлемегені үшін өсімақы мен айыппұлдарды төлеуге міндеттейді. Кедендік баж кәсіпкерлер шығаратын өнім экспортына кедергі келтіріп, жүн өңдейтін жалғыз ірі кәсіпорынның жабылуына себеп болуда. Сондықтан біз орталық деңгейде жүнге баж салығын алып тастау мәселесін қарауды бірнеше рет ұсындық, өйткен бұл өнімге ішкі нарықта сұраныс жоқ», – деп атап өтті Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабіштаев.

Айта кетейік, 2019 жылдан бері аталған сұрақ түрлі өңірде түрлі деңгейде көтеріліп келеді. Мәселе мемлекеттік органдармен хат алмасу және ұзақ талқылаулар жүргізу, салалық комитеттермен жиындар, ведомствоаралық комиссияда қарау процесі нәтижесінде ауқымды жұмыс атқарылған соң шешілді. «Атамекен» ҚР ҰКП салалық министрліктер алдында мәселені бірнеше рет көтерді. Нәтижесінде мәселеге нүкте қойылды.

Бұл ретте, 2021 жылғы 9 маусымда ҚР Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 17 ақпандағы №81 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес кард немесе тарақпен тарауға ұшырамаған жүнді Қазақстан аумағынан тыс жерге экспорттауға кеден салығының ставкасы жүн құнынан 0%-ды құрайды. Баж салығына тыйым 2023 жылғы 1 мамырға дейін сақталады.

Leave a reply