20 отбасы қоныс тойын тойлайды!

0
46
Түркістан қаласында биыл баспана кезегінде тұрған 700-ге жуық отбасыға әлеуметтік баспана беріледі. Шаһардың жаңа ауданында бой көтерген 9 қабатты бес тұрғын үйге 5 мыңға жуық адам көшіп келеді. Апта басында облыс әкімі Дархан Сатыбалды 20 отбасыға пәтер кілтін тапсырып, қуаныштарымен бөлісті.
– Тәуелсіздіктің арқасында мемлекетіміз тұрақты даму жолында. Рухани астанамыз Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде өркендеудің жаңа сатысына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қалаға ерекше мәртебе беру көзделуде. Сонымен бірге Президентіміз өз Жолдаулары мен тапсырмаларында халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Міне, бүгінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Түркістан қаласында 20 отбасы, яғни 100-ге жуық адам көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Жалпы, жыл соңына дейін әлеуметтік топтар бойынша кезекте тұрған 700-ге жуық адамға пәтер кілтін тапсыру жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалар халықтың баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Қоныс тойын тойлап жатқандардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және тағы басқалар бар.

Leave a reply