Шымкент: Табиғи газды пайдалануға қатысты сақтық шаралары күшейтілуде
Шымшаһарда тұрғын үйлердегі апат және табиғи газдан уланудың алдын алу шаралары жалғасуда. Газотехникалық инспекция бөлімінің мәліметіне сәйкес, газ пайдаланушылардың тек қана 33 % ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуші мекемелермен келісім шарт жасаған. Сала мамандары бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының 5 айда атқарылған жұмыстарының есептік жиынында айтылды.
Брифинг барысында Мақсұт Пернебайұлы жақында өзінің кураторлығына қосылған қаланың орта сапасы және бақылау басқармасының жұмысына тоқталды.
– Басқарманың бастамасымен 5 айда жалпы 36 талап-арыз бен хаттама азаматтық іс сот қарауына жолданды. Жыл басынан бері 8 ғимараттың 6-ы сот шешімімен, 2 нысан меншік иелерімен өз бетінше бұзылды. Сонымен қатар, 53 әкімшілік іс қаралып, 22,2 млн. теңге айыппұл салынды. Ал жұмыстарын өз деңгейінде атқармағаны үшін, 12 техникалық және 2 авторлық қадағалаушы сарапшыларға жалпы 2520 АЕК (7 355 840 теңге) айыппұл салынып, аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ, қазіргі таңда басқарма тұрғын үй қорын күтіп ұстау және сақтау бойынша 83 мүлік иелерінің бірлестігін құрып, 294 жай серіктестік құру аясында келісім хаттамаларын жасасты, – деді спикер.