Шымкент: Қауіпсіздік – басты назарда

0
117

Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық ауданда Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағына дайындық және өткізу жұмыстары жүріп жатыр.

Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ильясовтың және Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Е.Құлтаевтың қатысуымен аудандық учаскелік полиция инспекторларымен кездесу өтті.

Кездесу барысында 1 маусымнан бастап санақтың 1-кезеңі басталғанын, Ұлттық санақ кезінде санақ жүргізетін мамандардың және аудан тұрғындарының келеңсіз оқиғалардан алдын алу және қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында қатаң бақылауға алып тиісті шараларды жүргізу керектігі айтылды.

2021 жылғы Ұлттық халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады.

Дайындық кезеңі. 2021 жылы маусым айының 1 мен 30 аралығында интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі.

Санақтық аудандастыру – бұл өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.

Негізгі кезең. 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында, яғни халық санағының алғашқы 45 күнінде қазақстандықтар онлайн-режимде арнайы sanaq.gov.kz сайтында санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы – интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ.

Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Leave a reply