Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров: «ҚАЗЫБЕК БИ ЕСКЕРТКІШІНЕ ҮЛЕС ҚОСҚАНДАРҒА АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ»

0
63

Алматыдағы бейбастық әрекеттер басталған тұста Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының әскерін кіргізу керектігін айтты. Ел басына күн туған қысылтаяң сәтте жол тапқан батыр ағамыз былай деді: «Шақырыңдар. Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының әскері келіп, көмектессін. Еліміздің жайнап тұрған мәдени қаламыз Алматымыз қирап жатыр. Дүкендер тоналды. Жас курсанттарды шешіндірді. Сондықтан халықаралық ұйымнан жасаған келісім бойынша шақыруымыз керек. Бізге көмектесуі тиіс».

Бұл ұйым 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында құрылған. Құрамында Армения, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь бар. — дейді Тоқтар Әубәкіров.

Қазіргі таңда ҰҚШҰ әскерінің барлығы Қазақстан аумағынан шығып болды.

Өткен жылдың соңында Түркістанға мәртебелі қонақ болып қаз дауысты Қазыбек бидің ескертішінің ашылу салтанатына қатысқан тұста батыр ағамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Қаздауысты Қазыбек бидей есімі ұлтымыздың тарихына алтын әріптермен жазылған сұңғыла саясаткердің еңселі ескерткішінің ашылу салтанатында тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық» деп Батыр ағынан жарылды.

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының батыры, Австрияның «Алтын крест» орденінің иегері, Халық Қаһарманы, Отан ордені, Алтын Жұлдыз, «Ғасыр саңлағы», «Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер», «Түріктен шыққан тұңғыш ғарышкер» сынды ресми атақ пен марапаттарға ие.

1946 жылы соғыс жаңа бітіп, батырлықты, ерлікті уағыздаған уақыт болатын. Әкесі Оңғарбай мен шешесі Қамия көзге көрініп, көз жұмған 9 ұлдан кейінгі перзентіне «енді осы жаманымыз аман болсыншы» деген ниетпен азан шақырып, Тоқтар есімін беріпті. Ата-анасы ерте дүние салды. Кішкентайынан ата-анасынан айырылғаннан кейін бе, Тоқтар бұйығы, оқшау өсті. «Теміртау құйма механикалық зауытында токарь болды.1976 жылы Мәскеу авиация институтын бітірді. 1979 жылы Мәскеудегі ұшқыш-сынақшысы болды.

1991 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мені шақырып алып, мынаны айтты: «Біздің жерімізден көптеген ғарышкер ұшып жатыр, бірақ әлі қазақ ұлтынан ғарышкер шыққан жоқ» – деді. Мен ол кезде өзім межелеген дәрежеге жеткен едім. Тәжірибем де мол болды. Нағыз әмбебап сынақшы-ұшқыш дәрежесіне жеттім. Өкінішке орай, ол кезде менің әріптестерімнің бірі өмірден өтіп кетті. Бірі денсаулығына байланысты ұшуға жарамсыз болды. Сол кездегі ең ауыр жұмыстарды атқаратын екі-ақ адам қалдық. Соңғы үлгіде жасақталған МиГ-29, МиГ-31 ұшақтарын басқаратын адам жоқ.

Өзінің ұлты үшін, халқының игілігі үшін, өзі айтқандай, «тапталған қазақ рухын көтеру үшін» дер шағында керек болып тұрған осы ғарыш сапарын неге кешіктіре бергенін Тоқтар Әубәкіров өзі айтып берді.

«Оның себебі мынадай. Мен әр ісімді жол ортада тастап кетпейтін адаммын. Мен өзім кәсіби тұрғыда қанша биікке шықсам да, өзімді әлі де сынақшы-ұшқыш ретінде жоғары деңгейге көтерілдім деп есептемедім. Өзіме көңілім толмады. Әрі қаншама сынақтан өтіп, қаншалықты қиындықпен Микоян дизайн бюросына кіргенімді жақсы білемін. Соны біле тұра, оларды менсінбегендей, осы мамандықты игере алмаған адам секілді болмайын деп сынақшы-ұшқыш тәжірибесін одан ары шыңдай түскім келді. Ең жоғарғы шыңына шыққым келді. Ең үздік сынақшы-ұшқыш атануға тырыстым. Сондай алдыма мақсат қойдым. Бұл ойымды Д.Қонаевқа да, Нұрсұлтан Әбішұлына да айтқан едім.

Алайда 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алардың алдында Жоғарғы кеңес Тәуелсіздіктің алғашқы алғышарттарын жасап, декларация қабылдап жатқан кезде, Қазақ жерінде жасалған ғарыштық құрылымдар, сауыт-саймандардың барлығы да осында қалады деген шешім де шыққан болатын. Дәл осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев «Тоқтар ғарышқа ұшуға дайын» деп жариялап жіберді, — деп айтқан болатын Қазақтың тұңғыш ғарышкері.

— Мен Кеңес одағының ең соңғы 72-ші ғарышкерімін. Мен жерге қондым. Менен кейін 16 мемлекеттің ең соңында қалған Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алды. Әрине, бұл – тарихи сәт және бір-бірімен өте сәйкес келген сәт. Бұған дейін қалған 14 мемлекет өз-өз жайларына кетіп, құрамда Ресей мен Қазақстан ғана қалған болатын. Мен ұшпасам да, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алатын еді. Себебі мен ұшуға дайындалып жатқан кездің өзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғышарттарын дайындап қойған. Мен 2 -қазан күні ұшсам, Қазақ елі 29- тамызда Конституцияны қабылдап, Жоғарғы кеңестің шешімі шығып қойған болатын».

— Халық Қаһарманынан күн санап құлпырып, жасарып, жаңғырып келе жатқан Түркістан туралы сұрадық.

— Осыдан біраз жыл бұрын осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы келдім. Сол кездегі басшылық рұқсат етіп, ішін түгел араладым. Имаммен бірге осы Түркістанның бір топ азаматтарымен араладық. Сол кезде мен сұрадым. «Мына ағаштар неге шығып тұр. Кесененің эстетикалық сәулетін бұзып тұр ғой» деп сұрадым. Маған бұл ағаштар арқылы жоғарыға шығып, қыш қалағанын түсіндірген кезде, сол 12 ғасырда осындай нәрсені ойлап табуына ғажап таң қалдым. Ол кезде Әмір Темір дүниежүзіндегі ең шебер сәулетшілерді алдыртқан ғой. Олардың ішінде Ирандықтар өте ұста болған екен. Іштегі, есіктердегі өте нәзік өрнектерді қалай жасаған десеңізші. Әлі күнге дейін не түсін бермейді. Не шытынамайды.

— Ясауи кесенесіне кіріп, бабаларымызға Құран бағыштағаныңызға куә болдық. Негізі Қазыбек би бабамыздың ескерткішін ашуға келіп жатыр екенсіз.

— Иә,бабаларымызды еске алдық. Орындарынан бір аунап түсіп жатқан шығар. Арнайы Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып отырғанымыз. Әруақтар шақырған соң, осында келіп, зиярат етіп жатырмыз. Кешеден бері ұшып келе жатырмыз. Бір түн бойы ұйықтаған жоқпыз. Астана тұман. Енді машинамен үлгере алмаймыз. Ұшақпен келгеніміздің арқасында Түркістанның жан-жағындағы әсем ғимараттарды көрдік. Түркиядан Стамбулдан Астанаға қонған ұшақ Түркістанға келгісі келіп еді. Оны да ұшырмады.

Осы ескерткіш орнатудың басы-қасында жүрген Пернетай Досыбеков ақсақалға алғысымыз шексіз. Осы кісіге мен өте ризамын. Біздің істеген ісіміз «өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, бабаларымызға орнатқан ескерткіштеріміз болашақ ұрпақтың рухын оятады. Бабаларымыз, аталарымыздың әруағы бізді қолдап жүрсін деп тілейік.

Осыдан үш жыл бұрын осы ескерткішті жасауға кірістік. Қойшыбай деген ауған соғысына қатысқан жігітіміз Қазыбек бидің атынан қор құрды. Ол қайтыс болып кеткен соң осы Пернатайды сайладық. Бұл кісі үлкен азаматтық жасап, істі ақырына дейін жеткізді. Әсіресе, Сүлейменов Мұхаметғалым деген азамат көп еңбек сіңірді. Қаржы тапшылығы да болды. Бірақ халық жинала келгенде бәріне де жетті. Ер азаматтардың аржағында еңбек сіңірген Рымбаланың орны бөлек. Жанын салып жұмыс жасады. Ол тірілерге көп қамқорлық жасап жүрген кісі. Бабамыздың басына ескерткіш орнатуға үлкен күшпен кірісті. Біздің елімізде сол Рымбаладай батыр, намысты қыздарымыз, аруларымыз көп. Біздің кей ер азаматтарымыздан қыздарымыз намысты. Біздер бір нәрсені бастаймыз да сосын ұмытып кетеміз. Короновирус індеті келіп елді ұмытшақ етіп кетті. Енді міне Қазыбек би бабамызға үлкен ескерткіш ашып жатырмыз. Осындай батыр, би бабаларымыз қолдай жүрсін! Қазақ халқының батырлары мен билері жатқан киелі шаһар Түркістанымыз мәңгілік жасай берсін. Тәуелсіз еліміздің берекесі тасып, ынтымағы жараса берсін, халқымыз бәле-жаладан аман болсын! Киелі Түркістан шаһарымыз түркі дүниесінің орталығына айналсын!

— Тоқтар Оңғарбайұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет!

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған