Қазығұртта отбасы құндылығын түсіну мақсатында шара өтті
Қазығұрт ауданындағы М.Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Ақылды бейсенбі» жобасы аясында «Отбасы—бақыт мекені» тақырыбында Биназаровтар мен Жарылқасыновтар отбасымен кездесу өтті. Ұлтымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»деген дана сөз бар. «Бала қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек »-деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқтаған. Жиында отбасыдағы ата-ананың орны бөлек және бала әкеден-ақыл, анадан-мейірім алатынын, әке отбасының асыраушысы, қомқоршысы, тірегі деп білесің, ана отбасының ұйытқысы, жылуы шуағы, жақсы ана отбасына береке әкеліп, жанұясын бақытқа бөлейтіні жөнінде тәрбиелік мәні бар баяндамал айтылды.
“Отбасы-мемлекеттің негізгі буыны. Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға, үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз. Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Ата – ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке туралы айтсақ, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Ана – отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы. Отбасы – шағын мемлекет. Ол – тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейрімділік пен адамгершіліктің ордасы. Адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі осы отбасында өтеді. Отбасы алтын ұя, киелі шаңырақ болса, сол шаңырақтың мұрагері, ұрпақ жалғасы балалар болып табылады. Отбасында балалар негізгі тәрбиені ата-анадан алады. Олай болса баланың бас ұстазы – ата-ана. Ұлы Абай бұл туралы «Ата-анаға көз қуаныш – Алдына алған еркесі. Көкірегіне көп жұбаныш, Гүлденіп ой өлкесі» деп жыр еткен екен. Әке мен ана – шаңырақтың тірегі. Ата-ананың отбасы тәрбиесіндегі негізгі міндетін айқындайтын нақыл сөздерді де көп кездестіруге болады”, деді Жарылқасыновтар отбасы.
Сонымен қатар, кездесуде арнайы шараға келген отбасыларға оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ашық пікірталас өтті. Сонымен қатар, аудандағы Қақпақ ауылдық кітапханасында “Бір ел-бір кітап” республикалық акциясы аясында Төлен Әбдіковтың шығармаларын насихаттау мақсатында “Қаламынан таным тамшылары мөлдіреген” атты әдеби кеш өткізілді. Жиын Төлен Әбдіковтың шығармаларын оқырманға кеңінен насихаттау, көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Жиынға қатысқан оқушылар Төлен Әбдіковтың шығармаларынан үзінділер оқып, өмірімен толық танысты. Бұдан бөлек, Жаңабазар ауылдық кітапханасында “Оқитын ұлт” жобасы аясында және “Бір ел-бір кітап” республикалық акциясы аясында “Төлен Әбдіктің 5 танымал шығармасы” атты танымдық бейне шолу өткізілді. Кітапханашы Т.Әбдіковтың “Тозақ оттары жымыңдайды”, “Оң қол”, “Қайырсыз жұма”, “Ақиқат”, “Парасат майданы” атты шығармаларына шолу жасады. Іс шара барысында кітапхана оқырмандары Н.Меңлібеков және Д.Шекешов, Төлен Әбдіковтың “Оң қол” әңгімесіне толық тоқталып, өз пікірлерін білдірді, жазушының шығармалары терең рухани және философиялық мағынаға толы екендігі атап өтілді.