Қаражондықтар қаламгер ұлын еске алды

0
110

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Зымыран уақыт-ай десеңші! Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ғасырмен құрдас «Оңтүстік Қазақстан» газетінің белді қызметкері болған Ордабек Шаяхметовтің де арамыздан кеткеніне бес жыл зымырап өте шығыпты. Әйтсе де, ұмытылмайтын, соңында айта жүрерліктей із қалдырған адамдар болады. Сауран ауданындағы Қаражон ауылының тұрғындары Орекеңнің мектепке және ауылға дейін асфальт жол салдырғанын, Шашты ана баурайына жайқалтып бау еккенін жиі-жиі еске алады. Жазушылық, журналистік қырларын сөз етпегеннің өзінде Орекеңнің осы екі тірлігі кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге болғаны анық.

Міне, сондықтан қаражондықтар көктемнің алғашқы күні жерлес жазушыны еске алу мақсатында шығармашылық кешін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетімен бірлесіп ұйымдастырды. Алматыдан, Шымкенттен, Түркістаннан қонақтар келіп, кештің шырайын ашты. Орекеңмен қызметтес болған, аға-інідей араласқан «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов, Түркістан қаласының құрметті азаматы Тұрғанбай Салғараев, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің доценті, философия ғылымының докторы Марат Тұрғанбайұлы, Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболов, алматылық дәрігер Бердібек Омарбеков, «Қаражон» мектебінің директоры Сержан Шоқаманов, сондай-ақ Орекеңнің замандастары сөз сөйлеп, қаламгердің сан қырын жан-жақты ашып көрсетті. Әсіресе, олар О.Шаяхметовтің туған ауылы дегенде шығарда жаны бөлек болғанына ерекше тоқталды.
– Мен де осы ауылдың бір перзентімін. Ақсайда мал бағатынбыз. Сонда қонышымыздан «Оңтүстік Қазақстан» газеті түспеуші еді. Әр нөмірін асыға күтетінбіз. Осы газетте қызмет ететін журналистер бізге үлкен тұлға болып көрінуші еді. Солардың қатарына Ордабек ағамыз барып қосылғанда қаражондықтар қалай қуанды десеңші! – деп сыр ақтарды Тұрғанбай Салғараев.
Шығармашылық кеште мектеп оқушылары жерлес жазушының әңгімелерінен түрлі қойылымдар көрсетті. Жазушының жары Қарлығаш апамыз, ұлдары Шыңғыс пен Нұрқанат берері мол бейнебаян дайындаған екен. Олардың бірі Орекеңнің өмірбаяны жөнінде сыр шертсе, екіншісі қаламгердің әңгімесі желісімен түсірілген деректі фильм болып шығыпты. Онда Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленин орденінің иегері, снайпер Тұрғара Тұраровтың ерлігі баяндалады. Мектептегі Ордабек Шаяхметовтің шығармаларына арналған бұ­рыш та көз тартады екен.
Қаражондағы қызықты да тартымды өткен шығармашылық кеште Амантай Нұрдәулет, Ақжан Маханбетәлі, Нұрсезім Абай, Бибінұр Айдархан сынды оқушылар әдемі әндерімен, көркемсөз оқуымен келушілердің ықыластарына бөленді.
Барқадарлы басқосуда туған ауылына елеулі еңбегі сіңген азаматты есте қалдыру мәселесі де сөз болды. Бұл туралы мектеп басшылығы мен ауыл ақсақалдары бірлесіп жұмыс істемек.
Мектептегі мағыналы да мәнді кештен соң жиналғандар ауыл дәмханасында жазушы-журналист Ордабек Шаяхметовтің әруағына арнап ас беріп, Құран бағыштады.

Leave a reply