Thursday, November 21

Қарағандыдағы жаппай улану: Биыл орталыққа 1,5 млрд теңге бөлінген

0
162

Қарағанды облысының Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қанша бала емделіп жатыр және оларға бюджеттен қанша қаржы бөлінген. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ақпаратпен бөлісті.  Бұл туралы Infonews.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

фото: kyn.kz

“Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” КММ 1977 жылы құрылған. Бұл мекемеде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар тәрбиеленеді. Қазір орталықта 202 бала әлеуметтік қызмет алады, оның 160-ы стационар жағдайында тұрса, 42-і жартылай стационар жағдайында күндізгі бөлімшеде ем алады.

30 шілдеде орталықта тек ұлдар уланғанының себебіне байланысты балалар 6 топқа бөлінген.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша, 2022 жылы орталыққа 1 313 004 000 теңге, ал 2023 жылы – 1 456 287 000 теңге қаражат бөлінген. Аталған Орталық осындай қыруар ақшаға қандай қызмет көрсетеді деген сұраққа былайша жауап берді:

“Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы” КММ арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемін көрсетеді, оған 8 қызмет кіреді: әлеуметтік-тұрмыстық; әлеуметтік-медициналық; әлеуметтік-психологиялық; әлеуметтік-педагогикалық; әлеуметтік-еңбек; әлеуметтік-мәдени; әлеуметтік-экономикалық; әлеуметтік-құқықтық қызметтер”, – деп хабарлады ведомстводан.

Сондай-ақ брифинг барысында журналистер Қарағанды облысының әкіміне оның орынбасары осы мекемеге бұрын-соңды барған-бармағаны туралы сұрады. Белгілі болғандай, әкімнің орынбасары осыған дейін орталықтың жұмысымен танысу үшін бұл мекемеде екі рет болған екен. Тіпті тәрбиеленушілерге қажетті қосымша нысан салу мәселесін талқылағанын жеткізді.

“Мен бұл орталыққа екі рет бардым. Біз осы балаларға арналған монша мен шағын бассейн салу жобасын талқыладық. Ақпан айында бұл мекеме прокуратурамен бірлесіп тексерілді. Ол кезде мұндай бұзушылықтар болған жоқ, басқа құқық бұзушылықтар болды”, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.

Тәрбиеленушілер үшін монша мен бассейннің қажеттілігі туралы мәселені орталықтың директоры Айман Жағыпарова көтерген болатын. Ол аталмыш мекемені 2019 жылдан бастап басқарып келеді. Белгілі болғандай, ол 24 шілдеден бастап еңбек демалысында болған.

Жалпы орталықта 374 қызметкер жұмыс істейді. Сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін тексеру кезінде орталық директорының міндетін атқарушы және осы орталықтың 12 медицина қызметкері жұмыстан және өз міндеттерін орындаудан шеттетілді. Бұл қызметкерлердің орнына қазір басқа медициналық мекемелердің медицина қызметкерлері жұмылдырылған.

“Өз тарапымнан аталмыш төтенше жағдай назарсыз қалмайтынына сендіргім келеді. Кінәлілер заң талаптарына сәйкес қатаң жазаланады. Тергеу органдары барлық қажетті шараларды жүргізеді. Біз үшін қазір ең бастысы – балалардың өмірін сақтап қалу”, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Leave a reply