ҚАРИЯЛАР ҚАДІРІН БІЛУ-ҚАСТЕРЛІ МІНДЕТ
Қартын қазынаға балайтын еліміз үшін бүгін айрықша мереке. Көнекөз қарияларға қадір-құрмет көрсету – ұлтымыздың өнегелі дәстүрі болып саналатыны белгілі. Ақылшы даналарымызға деген ел ықыласы атаулы күнмен ғана шектеліп қалмайды, ол – қазақ халқымен мәңгілік жасайтын құндылықтар жүйесінің діңгегі.
Мемлекет басшысы еліміздің өркендеуінде аға буынның қосқан үлесі зор екенін айтып, жасы үлкендерге құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға қызмет ететінін атап көрсетті. Бізден алдыңғы буынның қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол ашқанымызды ұмытпауға шақырды. Бүгінгі бейбіт өміріміз, тыныштық пен тұрақтылығымыз ардагерлеріміздің қажыр-қайратының арқасы екенін Парламент Мәжілісінің және партиямыздың Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов та айтты.
Аға ұрпақтың тәжірибесі, өмірлік жолы – кейінгі буынға үлгі-өнеге екені ақиқат. Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз деп пайымдайтын елімізде еңбегі елеулі, елге сыйлы, ерен ойлы, парасат-пайымы биік, данагөй қазыналарымызды ортақ ырысымызды арттырып отырған қадірлі жандар деп білемін. Төрімізде отырып төрелік айтқан, Алатаудай ақылшымыз болған қариялардың орны арамызда әрқашан биік деп білеміз.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда 100 жасқа жеткен және одан асқан 423 қариямыз бар екен. Оның ішінде ғасыр куәгері болған 64 адам Түркістан облысының шежірелі шырақшысына айналған. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы өткеннің өнегесін сақтап, адалдықты, адамдықты бойға жиып, өмір бәйтерегі болып отырған қарияларға қамқоршы болуды мақсат тұтқан.
«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде бір ғасырдан асқан аналарымызға Аналар мерекесіндегі құттықтауымызды жеткізсек, Жеңіс күні қарсаңында – Ұлы Жеңіс жауынгерлеріне деген қадір-құрметімізді көрсеттік. Партиямыздың «Мәдени мұра» жобасы аясында қазақылықты бойға сіңірген, ата-баба салған салтты ұстанған,
ұрпағына өнеге болар жолы, аузынан шыққан ақ батасы, жүректен шыққан дұғасы бар қарияларымызды жиып, Наурыз-бата эстафетасын өткіздік, тағлымды Түлкібас жерінде «Батагөй қария» байқауының өтуіне мұрындық болдық. Үлкеннің жолы – ұлы жол деп білетін текті халықтың мирас-мұрагері бола отырып, осы мазмұндағы іс-шараларды облысымыздың барлық аудан, қаласында өткізу жоспарымызда бар.
Бүгінгі мерекелік сәтте барша аға буын өкілдеріне ізгі ниетімді білдіре отырып, шын ықыласты құттықтауымды жеткіземін. Сіздердің берген тағлымды тәрбиеңізбен ұлттың рухы асқақтап, дәреже-даңқы асып отыр деп білемін. Кішімізге кісілікті үйрететін, үлкенімізге үлгі көрсететін абыздық қасиеттеріңіз ұлтымыздың беті боп қалыптасатынын жеткізе отырып, Сіздерге ұзақ өмір, мықты денсаулық, халықтың ауызбіршілігін сақтауға арналған істеріңізге береке тілеймін!
Алтынсары Үмбетәлиев,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты