ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУҒА МҰҚТАЖ ЖАНДАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0
54

Қазір көпшілік арасында мүмкіндігі жетсе мұқтаж жандарға баспана сыйлау игі дәстүрге айналып келеді. Бұл бағытта ел ішінде белсенді азаматтар жиі төбе көрсетіп жүр. Міне осындай қайырымды жандардың қатарын Түркістан қаласының әкімдігі мен бір топ құрыш қолды құрылысшылар толықтырып тұр.Тарқатып айтсақ, Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қиын жағдайда күн кешіп жүрген жандарды үймен қамтамасыз ету бастамасын көтеріп, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков құрылысшыларға ұсыныс жолдаған.

Нәтижесінде, Түркістан қаласында құрылыс жүргізуші мердігер компаниялар құрылысшылар күні мерекесінде төрт отбасыға үлкен қуаныш сыйлады. Олар әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға баспана салып берді. Осылайша құрылысшылардың кәсіби мерекесі осы отбасылардың қуанышымен еселенді.

Мерекелік іс-шарада құттықтау сөз алған қала әкімі Н.Тұрашбеков:«Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Ел ішінде «Жамандық пайда етпейді, Жақсылық зая кетпейді»,- деген қанатты сөз бар.Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Ал, адамзаттың барлығына «бауырым» деп қарау Абайдан қалған өсиет. Осы өсиетке адалдық танытып, бүгінгі игі істің бастамашысы болған қаламыздағы құрылысшылар қауымына шынайы алғысымды білдіремін!», – деп мерекелік құттықтауын арнады.

Сонымен қатар, төрт отбасыға жаңа баспананың кілтін тапсырып, шаңырақтарына құт пен береке тіледі. Әр отбасыға ұсынылған үй үш бөлмеден тұрады. Баспаналар қажетті жиһаздары және тұрмыстық техникалармен жабдықталған. Түркістан төріндегі құрылысшылардың мерекелік жиыны осылайша игілікке толы қайырымды шарамен есте қалмақ. Ал, шынайы қамқорлық шапағатына бөленген отбасылардың қуанышында шек жоқ. Айта кетейік, кәсіби мереке барысында құрылыс саласының үздіктері марапатталды.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған