ӨЗГЕРІСКЕ ТОЛЫ 5 ЖЫЛ

0
102

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Қарт тарих үшін қас-қағым сәт болып есептелетін осы қысқа уақытта аймақта ауқымды іс атқарылды. Әсіресе, облыс орталығы мәртебесін алған Түркістан қаласы түлеп сала берді. Сәт сайын сән-салтанаты артып, ажарлана түсті. Бұл – Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей қолдауымен, өңір басшылығының, еңбекқор жұртшылығының еңбегімен шаһардың жаңа дәуірі басталды. 2018 жылдың 19-маусымындағы тарихи Жарлық арқылы маңызды жобалар жүзеге асты.

ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУ – ТАРИХ АЛДЫНДАҒЫ ӘДІЛДІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жасаған ресми сапарларында халықпен кездесіп, тарихи қалаға деген көзқарасын үнемі білдіреді.

– Менің қасиетті Түркістанға ықыласым ерекше екенін білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды дәл осы жерден бастаған едім. Содан бері мұнда көптеген оң өзгеріс болды. Соңғы жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесін де көтерді.

– «Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын, – деді Президент.

Иә, қанша қолдау көрсетілгенімен Түркістанды қысқа уақытта өзгереді дегенге сенушілер аз емес еді. Бірақ «көз – қорқақ, қол – батыр» екені іс жүзінде дәлелденді.

Түркістанды облыс орталығы ету – тарих алдындағы әділдікті орнату. Оны зиялы қауым өкілдері, қайраткерлер айтып жүр. Себебі, қаланың тарихы тым тереңде жатыр. Ежелден-ақ қала осы аймақтағы орталықтардың бірі болған.

Тарихшы-профессорлар Жамбыл Артықбаев пен Бауыржан Байтанаевтың Түркістан туралы зерттеулері, құнды пікірлері терең ойға жетелейді. Қаланың 1500 жылдығы атап өтілгенін ел біледі. Алайда соңғы жылдардағы зерттеулер тың деректермен толығуда. Профессор Жамбыл Артықбаев өзінің ғылыми мақаласында тарихшылардың зерттеуіне сүйене отырып, Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде адамдардың 550 мың жыл бұрын мекендегенін жазған.

«Қорытындылай айтсақ, Түркістан аймағында қалалық өркениет өз бастауын неолит дәуірінде пайда болған шағын қоныстардан алады деп есептеуге болады. Егер Түркістан қашан қала болып қалыптасты десек, онда біз қола дәуірін, сол дәуірде қазақ даласында керемет қанат жайған көне индустриаяны, металлургия мен металл саудасын еске түсіргеніміз жөн. Қазір Түркістан кішкене қала болғанымен ертеде үлкен қалалық аймақтың орталығы, Тұран өркениетінің алтын бесігі болды», дейді Жамбыл Артықбаев.

XVI ғасырдан бастап шаһар Түркістан деп аталып, қазіргі таңға дейін жетіп отыр. 3 ғасырдан астам уақыт бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Италия үшін Рим, Испания үшін Мадрид, Түркия үшін Ыстамбул қандай қымбат болса, Қазақ елі үшін Түркістанның орны соншалықты айрықша.

ҚР ҰҒА академигі және Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, Түркістанның тарихы 1500 жылдан да терең болуы мүмкін.

«Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлеулер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді», деді Бауыржан Байтанаев.

Міне, тарихы тереңде жатқан Түркістанға облыс орталығымен қатар тарихи елорда мәртебесін беру бастамасы өте құптарлық қадам.

 

ЖАҢА НЫСАНДАР – ЖАҚСЫ НЫШАНДАР

Мемлекет тарапынан Түркістан облысына, Түркістан қаласына ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде шаһар 5 жыл ішінде адам танымастай өзгерді. Еліміздің облыстары мен ірі компаниялары Түркістанға бір-бір нысаннан тарту жасады.

«Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасына» және «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекіту туралы» ел үкіметінің қаулысына сәйкес, 5 жылда Түркістан қаласында 250-ден астам нысан пайдалануға берілді. 2019 жылы 23 нысанның құрылыс жұмыстары басталып, бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Олар:

  1. Әкімшілік ғимараты;
  2. Басқармалар үйі;
  3. Департаменттер үйі;
  4. Нұр-Сұлтан алаңы (Астана қаласы);
  5. «Конгресс-холл» орталығы (Самұрық-Қазына);
  6. «Алатау» медиа-орталығы (Алматы қаласы);
  7. Оқушылар сарайы (Самұрық-Қазына);
  8. 7000 орындық стадион (Самұрық-Қазына);
  9. Бассейні бар спорт кешені (Petroleum Operating);
  10. Олимпиадалық резерв мектебі (Солтүстік Қазақстан облысы);
  11. Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы);
  12. Музыкалық мектеп (Батыс Қазақстан облысы);
  13. Қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды);
  14. Цифрлық кеңсе (Самұрық-Қазына);

Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 100,7 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылып, оның 91,2 шақырымы іске қосылған. Сонымен бірге Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің, Прокуратура және өзге де құқық қорғау органдарының ғимараттары салынып, елге қызмет көрсетуде.

Ал рухани-мәдени орталығында 9 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бәрі пайдалануға берілді. Олар:

  1. Шығыс моншасы (Қызылорда облысы);
  2. Әуенді субұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы);
  3. Неке сарайы (Қостанай облысы);
  4. Амфитеатр (Маңғыстау облысы);
  5. Қабылдау орталығы (Жамбыл облысы);
  6. Қ.А.Ясауи мұражайы (Самұрық-Қазына)
  7. «Ұлы Дала Елі» орталығы (Атырау облысы)
  8. Драма театр (Ақтөбе облысы)
  9. «Farab» кітапханасы (Шымкент қаласы).

Мәдени-рухани орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға 41,1 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылған.

Соңғы 5 жылда қалада жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, қонақүйлер саны күрт өсті. Туристік орындар, дәмханалар, спорт және мәдениет нысандары көбейді. Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қалада 163 тұрғын үй салынып, 10 мыңдай отбасы баспаналы болды.

Түркістанда тек жаңа шағынаудандарда ғана емес, ескі бөліктерінде де абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Самал», І, ІІ шағынаудандар абаттандырылды. «Отырар» шағын ауданы жаңа кейіпке енді. Шаһарда саябақтар, гүлзарлар саны арту үстінде. Жалпы, 30 саябақ елге қызмет көрсетуде.

Түркістан облысы 5 жылда жаңа белестерді бағындырды. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есеге артып, 3,0 трлн. теңгені құрап отыр. Ал Түркістан қаласында жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 3 есе өсіп, былтыр 319 млрд. теңгеге жетті (2019 ж. – 109,8 млрд. теңге). Биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 141 млрд. теңгені көрсетті.

Облыс құрылғалы бері инвестиция көлемі 2,3 есеге өсіп, 739,5 млрд. теңгені құрады. Ал Түркістан қаласына былтыр негізгі капиталға 305 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 84 млрд. теңге инвестиция тартылған.

Өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 350,9 млрд. теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 2,5 есе артқан. 5 жылда жалпы 3,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, алаңы 2,2 есеге артты. Оның басым бөлігі Түркістан қаласында жүзеге асты. Облыс орталығында құрылыс жұмыстарының көлемі 5 есе өсіп, былтыр 200 млрд. теңгеден асты (2019 ж. – 39,8 млрд. теңге). Биыл жарты жылда 77 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылған.

Еліміздің, облысымыздың түкпір-түкпірінен Түркістанға жалынды жастар, білікті мамандар келуде. Демографиялық жағдай жақсара түсті. Осыдан 5 жыл бұрын Түркістан қаласында 164 мыңнан аса тұрғын тіркелсе, 2023 жылы халық саны 220 мыңнан асты.

Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан тұрғындарымен кездесуде қаланы дамыту жұмыстары жалғасатынын айтқан болатын. Әсіресе, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілмек. Сонымен бірге туризм саласын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында 340 млрд. теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Өндіріс орындарын көбейту бағытында жұмыстар жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.

Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан инвесторларымен тұрақты түрде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Инвестициялық штаб отырысы тұрақты түрде өтуде. Алдағы уақытта бірнеше кәсіпорын ашылады деген жоспар бар. Бұл жұмыстардың бәрі шаһардың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.

Қожа Ахмет Ясауидей ұлы тұлға, қазақтың ел бастаған хандары мен билері, батырлары мәңгі қоныс тепкен қаланың болашағы жарқын. Оған жоғарыда айтылған деректер дәлел бола алады. Алаштың бойтұмарына айналған рухани орталықты дамыту арқылы қазақ тарихына, мәдениетіне, діліне, тіліне, халқына құрмет көрсетіліп жатыр деуге толық негіз бар. Жаңа дәуірдегі сапарың сәтті болсын, Түркістан! Жылнамаң жағымды оқиғалармен толыға бергей!

Ғабит САПАРБЕКОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Leave a reply