31,97 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек

0
120

Облыс орталығы аталғаннан бері Түркістанның дамуы мен өркендеуі көз ілестірместей алға басып келеді. Гүлдену мен түрленудің жаңа үлгісін көрсетіп-ақ жатыр. Жыл сайын, тіпті ай сайын таңғалдырудан танған емес. Міне, осындай көз ілестірмес жылдамдықта ілгері өркендеу көп дүниеге деген қажеттілікті, сосын сұранысты, енді бір сөзбен талапты ауырлатады.

Анығы былай ғой. Киелі шаһардың жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңға жуықтады. Енді аумақтың кеңейіп, адам санының артуы толып жатқан өзекті мәселелерге бастай береді. Олардың ішінде бағзыдан жыр болып келе жатқан баспанасыздық, әлеуметтік жағдай, жұмыссыздық, жол, қоғамдық көлік, қызмет көрсету саласы тіпті де күрделене береді. Енді осының барлығы тарам-тарамға бөлініп, әр тұстан әр тұрғынның арыз-арманы болып айтыла беретіні де жасырын емес.

Өткен аптада газет редакциясына Тұран ауылы тұрғындарының арызы-арманын арқалай келдім, көптің мұңын жеткізсем, үнін ұқтырсам деген мақсатпен осы тақырыпты көтеріп отырмын деп Бақыт Манатов келген-тұғын.

Зер салып, жіліктей қарасаңыз арыздың толық мәтіні мынадай:

«Менің арыз беру себебім, Тұран ауылында қоғамдық көлік жүретін асфальт жолдардың бойында орналасқан «Қуыршақ» аялдамасының орындықтары мүлдем жоқ және адам тұратын жерлері батпақ. Сол себепті оқушы балалар, басқа тұрғындар өте қиналып жүрген жағдайы бар. Осыған байланысты мәселені шешіп жауабын беруіңізді өтінеміз».

Анықтап айтқанда, бұл атаулы өңір тұрғындарының мәселесі. «Құлақ естігенге емес, көз көргенге сен» дейтін тағылымды ой жетегімен көрсетілген арыз бойынша Тұран ауылына ат басын тіредік. Өз көзімізбен аялдамалардың негізгі сүйегі тұрғызылғанын, кейбір жол жиектеріне тек аялдаманың белгісі ғана ілінгенін, басты көшедегі жол бойының топыраққа толы (жаңбырлы күні балшыққа айналары белгілі) екенін көрдік.

Келесі қадам ретінде арыз жеткізуші тұлғаның жанайқайын һәм уәжін тыңдап көрдік.

«Оншақты жылдан бері Тұран ауылының тұрғынымын. Айтайын дегенім биліктің көзқарасы осы бір ауылға оншалықты дұрыс болмай отыр. Осыған көңілім толмайды. Мен ғана емес, тұрғындарда осы бір ойда. Жалпы, жұртшылық бара-бара, айта-айта шаршады. Көтеріп отырған мәселем осы ауылдың жол инфрақұрылымы бойынша болып отыр. Нақтылап айтқанда аялдама, жол, аяқ жол жыры. Мәселен, аялдама өзіндік қағидасы мен ережесі бойынша салынуы керек. Ал, мынау тұрған аялдамалар төрт шипыр мен бес-алты бағанадан құралған. Мұнда не орындығы жоқ, болмаса астына асфальт те төселмеген, Тіпті жолдың жиегіне жапсарлана салынған. Шамалы жолдан бұрылысқа ашық алаң алып, қоғамдық көліктің бұрылып тоқтап жолаушыны асықпай мінгізуіне мүмкіндік жасауы керек қой», – дейді зейнеткер.

Бізді де мың түрлі ойға жетелеп, толғақты толғамдарға тоғытқан сұрақтар лаулай жөнелді. Бұл аялдамалар қалай аяқсыз қалған? Мердігер мекеме бар ма, кім тапсырыс берді немесе неге өткізіп алмайды? Осыған қатысты жауапты тұлға бар ма?

Міне, осы бір сұрақтарға нақтыы жауап алмаққа Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің» басшысы Арман Оспанға жолықтық.

Анығы мәселе көтеріліп отырған ел аузында Тұран ауылы аталған өңір шаһардағы алты сектордың бірі болып табылатын Яссы секторына қарайды.

«Қалада қажетті аялдамалардың саны – 456. Осы 2022 жылы 100-ге жуық жаңа аялдама тұрғызу жоспарланған. Соның ішінде Яссы секторына, яғни Кентау тас жолының оң қанатындағы алқапта аялдама тұрғызу жұмыстарын өткен жылы бастап жүргізгенбіз. Әлі салынып біткен жоқ. Бар болғаны сүйегі ғана тұрғызылды. Ондағы басты себеп, бұл басшылықтың бастамасымен қолда бар артық материалдардың қалдықтары арқылы халыққа пайдалы аялдама салу бастамасымен қолға алынған жұмыс болатын. Анықтап айтқанда мемлекеттік бюджеттен ешқандай да қаржы қарастырылмаған. Тіпті қандай да бір мердігер мекеме тапсырыс орындап жатқан жоқ. Сонымен қатар, осы төңіректегі жол жиектеріне аялдама белгілерін орнаттық. Ол жерге жоғарыда айтқан жүзге жуық аялдама есебінен аялдама тұрғызу көзделген. Барлық аялдаманы орнату жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады деп күтілуде» , – деген Арман Оспан, атаулы жұмыстар легі мен нақты аялдамалар жайында ара қашықтығы, қоғамдық көліктің тоқтау нүктелері турасында сектор тұрғындарымен пікірлескенін, тіпті неше мәрте түсіндіру жұмыстары да жүргізілгенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде жол мәселесі, аяқ жол туралы да нақты жауап алдық. Мәселен Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебінің алдындағы көшеге Яссы секторына сарқынды су құбырын жүргізу барысында зақым келген болып, құзырлы органдардың пәрменімен мердігер мекемеге айыппұл салынған. Қайтып қалпына келтру жұмыстарын жүргізген. Ал, атаулы секторда осы жылы қоғамдық көлік жүретін барлық көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ауа райының қолайлы болуына байланысты халық игілігі жолында осы бір жоспарды барынша қысқа мерзімде жүзеге асыру көзделген. Келесі аяқ жол мәселесі тиісті деңгейде жүзеге аспақ. Анықтап айтқанда барлық көшеге емес, әлеуметтік маңызы бар нысандар бар көшелерге ғана аяқ жол салу қарастырылған. Бұл жоспар бірінші жарты жылдықта толық орындалады деп межеленген.

Ал, жол жиегінен бұрылыс қалдырып аялдама салу керек уәжі бойынша, тек үлкен көлемді аялдамаларға ғана бұл мүмкіндік қарастырылған екен. Мұнда тұрғындар саны, көліктің аз-көптігі алғы шарт етілетін көрінеді. Анықтап айтқанда атаулы өңір бұл талапқа сай келмейді.

Қорыта келгенде, арыз беруші мен жауапты мекеменің уәждері жоғарыдағыдай. Бір анығы әкімдік тарапы халық игілігі жолында инфрақұрылымды толықтай ойдағыдай жасауға харекет етуде. Дегенмен мінсіз дүние болмасын ескерсек әр дүние уақытымен болары ақиқат. Айтпағымыз түсіндіру жұмыстары мен жұмыс бітетін межелі уақыт жайында анық айтылса сабырмен күткен оң болмақ. Айғай мен ашу мәселені шешудің кілті емес. Сабыр мен көздеулі уақыт һәм заң аясы – шығар жол.

Айта кетейік, жалпы қала 845 шақырымды 875 көшеден тұрады. Бүгінгі таңда, оның 316, 1 шақырымы асфальтті жол, 401,6 шақырым тас жол болса, топырақты жол – 127,3 шақырымды құрайды. Осы жылы ешқандай топырақ жол болмайды деп күтілуде. Ал, 2021 жылы 15,1 шақырым құрайтын 11 көшеге орташа жөндеуден өтсе, 158 шақырым құрайтын 185 көшеге тас төселген. Келесі қадам 2022 жылы 46,4 шақырым құрайтын 40 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ, осы жылы 29,63 шақырым құрайтын 26 көшеге аяқжол салу жоспарланып отыр. Соның ішінде Яссы шағын ауданында 27 көше бар болып, жалпы ұзындығы 31,97 км жерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Leave a reply