ШЫМКЕНТ: 7 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТҮПКІЛІКТІ ШЕШІЛЕДІ

0
177
Бүгін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңес мәжілісі өтті. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы ғимаратында өткен мәжілістің күн тәртібінде партияның сайлауалды бағарламасы бойынша Шымкентте алдағы бес жылда атқарылатын жұмыстар бойынша әзірленген Жол картасында көрсетілген халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар мен қабылданған шешімдер талқыланды. Бұл бағытта қалалық энергетика және коммуналдық шаруашалық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Ашаевтың есебі тыңдалды.
Жиынға кеңес мүшелерімен қатар «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары, фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов қатысты.
Айта кетсек, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес алдағы бес жылға жоспарланған жұмыстардың реті жазылған Жол картасын әзірлеген болатын. Аталған Жол картасында алдағы бес жылда тіршілік көзін тасып ішетін 42 мың тұрғыны бар 7 елді мекенде ауыз су мәселесін түпкілікті шешу мақсат етілген. Сонымен қатар, суды шекті көлемде ішіп отырған бес елді мекенде де бұл мәселеге нүкте қою жоспарланған.
Жиында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы аймақты дамыту өңірлік қоғамдық кеңес тиісті басқармаға партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген осы іс-шаралардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Leave a reply