ШЫМСИТИ ТҰРҒЫНДАРЫНА ТАЗА СУ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ
Бүгін Шымкенттегі Шымсити тұрғындарына таза су берілді. «Лайқа су ішіп отырмыз» деп наразыланғын білдірген жұртшылыққа тіршілік нәрі енді жаңа су құбырынан ажыратылып отыр. Жергілікті билік өкілдері бүгін шағынауданға барып, халықтың шағымын тыңдады.
Шымситиліктер жаңа баспаналарға қоныстанғандарына 3 жыл болса да сапалы ауыз суға жарымай келді. Жұртшылық осыған дейін уақытша су құбырынан тіршілік нәрін ажыратып келген. Судың трассасы ауыстырылып қазір тұрғындарға таза су беріле бастады. Әкімдіктегілер жергілікті халықты сапалы, үздіксіз ауызсумен қамту жұмыстары бір ай бойына жалғасатынын айтады.
Сондай-ақ шағынаудан тұрғындары үшін қала орталығына қатынау да қиынға түсіп отыр. Тиісті басқарма өкілдері қосымша автобустарды бағытқа қосып, бұл мәселені де реттейміз деп уәде етті.
Тағы бір айта кетерлігі, қолданысқа берілгеніне небәрі 3 жыл болған жаңа үйлердің сапасы әлден-ақ сыр бере бастаған. Қабырғалар қақ айырылып, есік-терезеден жел уілдейді дейді тұрғындар. Көпшілік көптен бері көкейлерінде жүрген бұл мәселені де іркіп қалмады.Шымситиліктердің шағымына құлақ түруге келген құрылыс басқармасының өкілдері мердігерлерді олқылықтарды орнына келтіруге міндеттейміз дейді.
Бұл ретте мердігерлер де осында келді. Тұрғындар оларға құрылыс кезінде кеткен кемшіліктерді тізіп берді. Осыған дейін де олқылықтарды орнына келтіргенбіз деген құрылысшылар 5 жыл мерзім ішінде ішінде барлық ақауларды реттейміз дейді.
38 көпқабатты тұрғын үйі бар шағынаудан мәселесі аз емес. Шенеуніктер шымситиліктердің тала-тілектерін жіті тыңдады. Енді тұрғындар шағымына байланысты арнайы комиссия құрылатын болды. Жұмысшы топ 2 мыңға жуық тұрғыны бар Шымсити шағынауданындағы барлық түйіткілдерді анықтап, шешімін шығарады.