Thursday, November 21

ШЫМКЕНТ: ЖОЛДАУДАҒЫ БІРЛІК ПЕН ТҮСІНІСТІККЕ ҰМТЫЛЫС

0
107

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің 2021 жылға арнап жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында  қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту үшін олардың осы іске өздерін белсенді қатыстыру қажеттігін, билік органдарының халықтың талап-тілегіне құлақ салуымен қатар оларды орындауы, жергілікті бюджетті бақылау мен жұмсауға тұрғындар өкілдерін араластырудың маңыздылығын да атап көрсеткен болатын.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді» деп мемлекеттік биліктің бетін халыққа бұрғанын атап айтты.

Шымкент қаласының әкімдігі де Жолдауда алға қойылған осы міндеттерді іске асыру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Қала әкімі мен орынбасарлары ғана емес, барлық басқармалар мен халықпен жұмыс жасайтын мекеме, кәсіпорындардың басшылары да халықпен кездесу, онлайн қабылдаулар жасау арқылы тұрғындардың көңіл-күйін, талап-тілектерін тыңдап отыруды күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналдырған.

Әсіресе, жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандар мен қаланың шалғай бөлігіндегі тұрғын алаптардың тұрғындарымен билік өкілдері жиі кездесіп, онлайн, офлайн қабылдаулар өткізіп, азаматтардың ұсыныс, тілектерін жұмыс барысында ескеруде. Тіпті «халық қатысқан бюджет» жобасына да тұрғындарды қатыстыра отырып, солардың талаптарын ескере отырып жұмыс жасаудың өзі биліктің халыққа бет бұрғанын көрсетеді.

Ендеше  қазақстандық қоғамда келісім мен түсіністік орнап, билік пен халық біріксе, бір-бірін қолдап ынтымақтаса жұмыс жасайтын болса мемлекетіміздің болашағы жарқын болмақ.

Leave a reply