ТҮРКІСТАН: ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

0
123
Түркістанда жанар-жағармай тапшылығының алдын-алу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте маңызды түйткілдер тарқатылды.
– Жергілікті атқарушы органдар мұнай өнімдерінің бар-жоғы мен бағасына күн сайын мониторинг жүргізуі қажет. Ішкі нарықта жанар-жағар май мен сұйылтылған газ тапшылығын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдансын. Мемлекет басшысы инфляцияны осы жылдың қорытындысымен 2 есеге төмендетуді тапсырды.
Азық-түлік бағаларын төмендету, негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстарына тұрақты түрде мониторнг жүргізу қажет. Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өзара алмасу бойынша байланыс күшейтіліп, қоймаларда сақталған азық-түліктердің нақты аудан, қалаларға таратылуы мен сатылуы қадағалансын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі, сонымен бірге, құзырлы орган басшылары мен жауапты басқармаға жанар-жағармайдың заңсыз тасымалына қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ фискалдық деректер мен электронды шот-фактуралар операторларының деректерін талдау арқылы тиімсіз делдалдарды анықтауды және жоюды жалғастыруды жүктеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын маусымаралық кезеңде сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстары барысын қатаң бақылауға алу керектігін айтты.
Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Әбдіразақова жанар-жағармай саласындағы мәселелер мен жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензинінің 9 мың 752 тоннасы, дизельдік отынның 15 мың 723 тоннасы бар. Мұнай өнімдері талонсыз және шектеусіз сатылуда.
«Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметіне сүйенсек, Түркістан облысына биылғы сәуір айының басынын бері 328 цистерна АИ-92 маркалы бензині және 549 цистерна дизель отыны келген.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензині мен дизель отыны тапшылығы бойынша аз-кем деректер анықталған. Ол олқылықты жою бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Мұнай өнімдерінің ағымдағы жағдайын талқылау мақсатында облыс аумағында орналасқан жанармай құю бекеттері басшыларымен және жұмысшы топ мүшелерінің қатысуымен жиналыс ұйымдастырылды.
Жиналыста ресурсұстаушы «Petrosun» ЖШС тарапынан мұнай өнімдерінің қажетті көлемде берілмей отырғаны бойынша мәселелер тыңдалып, тиісті ұсыныстар жолданған.
Мәжілісте өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектеріне дер кезінде жауап беру мәселесі де қаралды. Облыс әкімі аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, халық алдындағы міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.

Leave a reply