ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.
– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалды. Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 мдрд. теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.
Биыл «AMANAT» партиясы 250 мыңнан астам ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» жобасымен таныстырды. Арнайы құрылған мобильді топтар елдегі барлық өңірді аралап шықты. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Осы ретте аталған жобаның негізгі мақсаты – басты шарттарымен тағы да бір таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау. Биыл сәуір айында шенеуніктер халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын бекітті. Осы құжат аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылы толық іске қосылады деп жоспарланған. Соған қарамастан мобильді топ өкілдері ауылдықтарды жобамен мүмкіндігінше кеңінен таныстыру үшін елдің барлық аймақтарын аралап шықты. Оның ішінде ең шалғай ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын
«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.
Мобильді топтар жобаның мән-мақсатын түсіндіру және таныстыру жұмысын 28 шілдеде бастады. Осы уақыт ішінде 425 ауылға барып, 250 мың адамды қамтыды. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр.
Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. – несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; – несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; – номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады
«Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – деді ол.
Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. «AMANAT» партиясы өкілдері, 2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс деп атап өтті. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайды. Жұмыссыздар саны 36 %-ға азайды. Микрокредиттер бойынша, 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.
«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау. Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – деді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді
«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – деді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.