Мемлекет басшысы: Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Биылғы жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр. Қаңтар қасіреті кезіндегі тәртіпсіздіктер де елге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Содан да болар, биыл Қазақстанның саяси аренасында «үлкен сілкініс» болды десек, артық айтқандық емес. Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз. Осыған байланысты Мемлекет басшысының 2022 жылы жүзеге асырған елеулі реформалары жайлы шолу материал дайындауды жөн санадық.
Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.
Референдум: Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістер
Биыл ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата заңға бірқатар өзгерту енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді. Сонымен референдум нәтижесінде Конституциямызға енген негізгі өзгерістерді санамалап көрсек.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті.Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды. Сонымен қатар президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынған болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше емес. Мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайтыны анық
«… Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді…»,-деген еді Мемлекет басшысы.
Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ.Мемлекет басшысы Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салуды ұсынған еді. Кейін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Қазақстанда президенттің ағасы, әпкесі, балалары ұлттық компанияларға басшылық қызметке орналаса алмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, президенттің қарындасы, ағасы немесе балалары «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық лауазымын атқара алмайды.
Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады.Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынған еді. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ бұл институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етіп, азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түспек. Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін бастайды.
Өлім жазасына тыйым салынды. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ.Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән береді. Қазақстан осыдан екі жыл бұрын өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылған еді. Осылайша, заң бойынша өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізілді.
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады.Президент халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығы төмен екенін, депутаттарды танымайтынын айтты. Сондықтан да аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Бұл барлық азаматтың құқығын толығымен сақтайды. Бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай схема бойынша құрылмақ: 70% пропорционалды және 30% мажоритарлық негізде. Сонымен қатар, аралас модель облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауына да енгізілмек. Бұнда депутаттардың жартысы бір мандаттық округтардан, қалған жартысы партиялық тізім бойынша сайланады. Ал аудандар мен қалалардағы мәслихат сайлауын Президент толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды.
Императивтік мандат депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша кері шақыртып алуға мүмкіндік береді.Бұдан былай сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ.
Сенаттағы президенттік квота қысқарады, Мәжілісте ҚХА депутаттары болмайды.Мемлекет басшысы Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарауды ұсынды. Бұған дейін жоғарғы палата 49 депутаттан, яғни әр өңірден екі сенатор сайланып, 15 сенаторды Президент тағайындайтын. Тоқаев мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге, заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік бергенін, алайда қазір оны өзгерту керегін айтты. Оның сөзінше, Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, керісінше, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың ой-пікірін ескеретін тетік ретінде қарастыру керек. Осыған байланысты, Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды, оның бесеуін ҚХА ұсына алады.
Сонымен бірге ҚХА-ның Мәжілістегі квотасы жойылды. Бұл квота Сенатқа ауысты және ол 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Бұл түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік бермек.
Әкімшілік-аумақтық өзгерістер: Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды
Мемлекет басшысының биылғы басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Жалпы ел экономикасының қарқынды дамуы үшін барлық аймақ бірдей дамуы тиіс. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жаңа облыс құруды ұсынды. Жаңа облыстардың құрылуы – көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс, атап айтқанда Семей өңірінде – Абай облысын, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысын, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысын құруды ұсынды.
Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев (бұрынғы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді), Жетісу облысының орталығы – Талдырқорған болды.
Сөйтіп, мамыр айының басында Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде үш жаңа облыс құрылды. Бүгінде олардың әкімшілік-аймақтық құрылымы да айқындалып, басшылық құрамы да бекітілді. Жетісу облысының әкімі бұрынғы сенатор Бейбіт Исабаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев болса, Ұлытау облысын мемлекет және қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы тізгіндеді.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып бекітілген еді. Биылғы балалар жылы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Бала 18 жасқа толғанға дейін баланың есепшотына аударылатын болады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Бұл қаражат өскелең ұрпақ үлкен өмірге қадам басқан тұста қаржылай қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыра бастауды тапсырды. Бағдарламаны іске асыруға жауапты органдар 2023 жылы жобаны іске қосудың барлық тетігі егжей-тегжейлі талқыланып, оның ішінде төлем тәртібін қоса алғанда, ҚР заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтып отыр
Мемлекет басшысы 6 заңға жария түрде қол қойды
5 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды. «Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық» – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Парламент жан-жақты зерделеп қабылдаған әрбір заңнамалық бастаманың гуманистік және құқық қорғау бағыттары айқын. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастайды. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзіреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Бас прокуратураның да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Бұл саланы одан әрі кешенді дамыту мемлекет үшін әрқашан басым бағыт болады.
«Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет» – деді ол.
Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. «Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депуттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы.
Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етпек.
Бұл бастамалар көп ұзамай еліміздің саяси жүйесін ғана емес, әр саласына, әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс салтына, азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз.