ОРДАБАСЫ: ҚАЖЫМҰҚАН МУЗЕЙIНДЕ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРДІҢ МОЛ ҚОРЫ БАР
Қазақта Қажымұқанды кім білмейді. Халқымыз «күш атасы» деп басқаны емес, дәл осы Қажымұқанды атаған. Оның тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнаған қазақтың мақтанышы, алып күш иесі екенін әдеби-тарихи кітаптардан оқитынбыз. Ол күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгерген, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры. Заманында 54 мемлекетте додаға түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болыпты. Мұны ерлік демей не дерсіз.
Қазақ қазақ болғалы балуандық белдесу қазақтың ұлттық өнерінің төресі саналып келеді. Ал осы күрес арқылы қазақты алғаш әлемге танытқан «Күш атасы – Қажымұқанды» әр қазақтың баласы біледі десек, еш артық айтқандық емес. Біз бүгінгі жолсапар жазбамызда Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде орналасқан Қажымұқан музейі туралы баяндамақпыз.
Қара күшімен жұмыр жерді мойындатқан балуан қандай болған? Ол нендей ерліктер жасаған? Міне, бұл сұрақтарға Темірлан елдімекенінде орналасқан Қажымұқан музейінен толық жауап алуға болады. Үш мыңнан астам жәдігері бар музейге таяуда арнайы бардық. Музей Түркістаннан 100 шақырымдай жерде, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойында орналасқан. Туристерге әбден қолайлы. 2001 жылы халық демеушілігінің және күш атасына лайықты құрмет деп біліп жекеше демеушілік еткен ел азаматтарының арқасында ұлттық нақышта салынған арнайы жаңа ғимарат еңселі екен. Бүгінде Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы мемлекеттік мекемесі болып құрылып халыққа кеңінен қызмет етіп келеді. Музейдің ішкі көрінісі де жанға жайлылық сыйлайды. Балуанның үй жиһаздары, ыдыс-аяқтары тұр. Көрпе-төсегіне дейін осында. Аяқ-қолымызды жазып, күш жинап, өзіңді балуанның құтты шаңырағының төрінде отырғандай сезінеді екенсің. Музейдің шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан жерді, елді жаудан қорғап өткен қол бастаған сарбаздардың, хан, бектер мен батырлардың шатырындай үшкірленіп жабылған. Ішкі залдың дәл ортада ойып түсірілген цирк аренасы іспеттес құрылысынан қазақы сал-серіліктің, спорттан балуандық өнердің символын байқауға болатындай.
Саракикидің «көзін көрген» жәдігер
Музейдің Темірланнан ашылуы да бекер емес. Тарихи деректерден байқайтынымыз, балуан бабамыздың өмірінің соңғы жылдары Оңтүстікте өткені белгілі. Қажымұқан 1948 жылдың 12 тамызында, 77 жасында қайтыс болып, осы Темірланнан бес шақырым жердегі Қажымұқан ауылында жерленген, қабірінің басына кесене орнатылған. Баһадүр бабамызға арнап Темірлан ауылында алып ескерткіш те бой көтеріпті. Қажымұқан 1871 жылдың 7 сәуірінде қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген, дегенмен Қажымұқанның қай жылы және қай жерде дүниеге келуіне байланысты басқа да пікірлер бар. Өзі кіндік қаным тамған Ақтөбе ауылы (Түркістан облысы, Отырар ауданы) деп отырады екен.
Ресми құжаттарда көрсетілгендей емес, Қажымұқанның дүниеге келген жері Отырар ауданы Шәуілдір ауылы екенін ел іші, тіпті, ұрпақтары айтып қана қоймай, осы деректі ақиқат деп санайды. Бірақ, Қажымұқан мұражайы аталып кеткен мекеменің директоры Гүлдария Райымбекова:
– Қажымұқанның қай жерде дүниеге келгеніне дау тудырудың қажеті жоқ. Менің ойымша, ол Қазақстанның қай жерінде туса да, қазақтың атын әлемге танытты, – дегендей уәж айтады.
Алыптың абақтыдағы жылдары
Белгілі жазушы Асқар Сәбитов балуанның өмірін терең зерттеп жүрген азаматтардың бірі. Айтары мол қаламгер.
Оның айтуынша, «Қажымұқанның басына үйірілген қара бұлт әлі сейілмей тұрғанда» деп батылдық танытуымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені ол заман – күш атасын күңіренткен сор заман еді ғой. Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) тарапынан балуанның қуғынға ұшырауының себебі Қажымұқан жөнінде жазылған ғылыми-зерттеу еңбектерде жұқалап болса да көрсетілгені рас. Қажымұқан – өмірінде 3 рет түрмеге түскен адам. Біріншісінде – Колчак түрмесіне, екінші және үшіншісінде де сол Омбы қаласындағы, бірақ, большевиктер, яғни, қызылдар түрмесіне. Екеуінде де оның бостандықты, қазақтардың қолы теңдікке жетуін аңсағаны, сол мақсаттың орындалуы жолында алашшылардың идеясымен «ауырғандығы» кінәлі болса керек. Әрине, бұл мінез бен сезім Колчак пен қызылдар өкіметінің екеуіне де ұнаған жоқ. Олар өзіндік пікірі мен мақсаты бар, сөзі мен қарекеті үйлесім тапқан, халық арасында абыройлы, әрі, беделді Қажымұқаннан өлердей қорықса керек. Соның салқыны әлі де тарқамай келе жатыр.
Бір қарағанда, қазақтың балуандық өнерінің пірі Қажымұқан өзінің ұлттық тұғырында табан тіреп тұрған сияқты. Ол жөнінде деректі-көркем кітаптар мен фильмдер, ғылыми зерттеу еңбектер жарық көріп, қаншама қалада ескерткіштер мен мүсіндер тұрғызылды. Мекемелер мен стадиондар, ауылдар Қажымұқанның атымен аталды. Ірі қалалар мен кенттерде оның аты-жөнімен аталған көшелер де бар. Мектеп оқулықтарына да енгізілген: әрі, оқушылардың ашық сабақтарының да тақырыбы. Бірақ, осылардың барлығы Қажымұқанның шынайы табиғи тұлғасын жасап, мінезін таныта алды ма? Қазақтың қара домалақ балаларына үлгі-өнеге болатындай оның ұлттық-ғылыми, деректі, көркем тұлғасы ұлттық деңгейде жасалды ма?
Қажекеңнің колчакшылдар тарапынан бірінші рет түрмеге қамалуы – «большевиктерге іш тартқандығы» деп түсіндіріледі. Балуан «Үш жүз» партиясының шырмауына ілігіп, кезінде «Алаш» газетінің және осы партияны құрушылардың бірі Көлбай Төгісовпен бірге 1919 жылы абақтыда отырады. Көлбай қамауда қаза болады да, Қажымұқан қашып құтылады. Қашуды ұйымдастырып, Қажекеңді құтқарған кімдер? Олардың аты-жөндері белгілі ме? Барлық зерттеу еңбектерде, мақалаларда Қажекең өмірінің осы тұсы беймәлім боп қалған. Бұл жайлы М.Тәнекеев «Сарыарқа» газетінде жарияланған мақаланы тіліне тиек етіп, былай дейді: «…Қажымұқанға мақаланы бастан-аяқ оқып берді. «Алаштың асқар белдей ерлері» дегенде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев және басқалары сияқты жайсаңдары көз алдына келіп, Қажымұқан қатты ұялды. Өмірінде бірінші рет ел бетіне қараудан ұялды. Иә, ағайынды Есіркеповтердің айтқандары дұрыс екен-ау. Көлбайдың аса ірі тұлға екенінде күмән жоқ. Бірақ, дарынды ақын Мағжан, немесе ақыл ойдың алыптары Әлихан мен Ахмет одан кем бе? Олардың арасын ажыратып, түсінуге оның білім өресі жетпеді. Ой тығырығына тірелген Қажымұқан бәрін тастап, Петербургке, балуандар ортасына тартып кеткісі келді» (128-бет).
Отыз жылдан астам Қажекеңнің өмірін зерттеген Мұратхан марқұмның дәл осылай жазуында үлкен мән-мағына бар. Осындайда «кешегі батыр – бүгінгі балуан» деген қазақтың өрелі сөзі ойға оралады. Автордың осы сөзінің астарында Қажымұқанның «саясатпен айналысып нем бар еді? Балуандығымды, цирк өнерін кәсіп етіп жүре бермедім бе?» дегендей ой, өкініш жатыр. Бірақ, халық үшін еңіреп туған ердің басқа жолға түсуі мүмкін емес болатын. М.Тәнекеевтің еңбегінде Қажымұқанның әркімнің жетегінде кете беретін адам емес екені анық көрінеді. Дәл осы арасын М.Тәнекеев тұспалдап жазған. Әлде, Қажекеңді Алаш идеясынан, шынымен, аулақ ұстағысы келді ме екен? Не үшін балуанға Алаш идеясын жұқтырмайды. Назар аударайықшы:
«Сіз, балуан аға, он сегізінші жылы большевиктерге қарсы болдыңыз ғой?» – деп тергеуші бірінші сұрағын төтесінен қойды.
Осыдан соң ғана, балуан желдің қайдан есіп тұрғанын пайымдай бастады. Колчак түрмесіне қамалған ескі істерін қозғап отыр деп ойлады ол осыдан жиырма жылға жуық бұрын болып өткен дүрбелең оқиғаларды еске алып.
– Еш уақытта большевиктерге қарсы болған емеспін, керісінше, біз алашордашылармен тіл табыса алмадық.
– Иә, солай болған да шығар, батыр. Бірақ сіздің адамдардың ұлтшылдық жоспарлары, түркі халқын біріктіру жоспары болды ғой. Сонда Совет өкіметін орнатқан орыс большевиктерін қайда жібермек болдыңыздар?». (148-бет).
Бұл – Қажымұқанның үшінші рет түрмеге қамалғандағы Совет тергеушісінің алған сұрақ-жауабы. Осы кітапты оқу барысында балуанның Колчак түрмесіне 1 рет, ал Совет түрмесіне 2 рет қамалғанын білдік. Біріншісі және үшіншісінде қашып шықса, екіншісінде 6 ай отырған. Бұл жөнінде Мұратхан Тәнекеев былай деп жазады: «Шынында да, Қажымұқан біраз жылдар бойы қазіргі жағдайды пайдаланып, өз мансабы үшін басқаларды құрбандыққа шалудан тартынбаған әлдебір сұрқиялардың түртуімен НКВД-ның бақылауында болғанын сезбеген еді. Бұл кезде балуан күресті де, циркті де тастап, Омбы облысы, Дробышев ауданындағы «Жаңа жол» колхозында жылқышы боп жүрген. НКВД қатардағы колхозшының үстінен «патшаның өз қолынан награда алған» – деген айып тағып, іс қозғаған болатын. Олар патша ағзамның балуанға қырық сегіз рет өз қолымен награда тапсырудан бас тартқанынан хабарсыз еді» (149-бет).
Қажымұқанның француз, американдық, джиу-джитсу сынды күрестің үш түрінен Әлем чемпионы екені спортшылар қауымына аян. Француз күресі деп жүргеніміз – қазіргі грек-рим күресі, ал, американдық күрес – еркін күрестің бір түрі. Сонда еркін күрестен қазақ арасынан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Қажымұқан болып шықпай ма?
Жазуышының мәлімдеуінше, Қажымұқан өмірінің зерттелмей, зерделенбей, әділетті бағасын алмай жатқан тұстары әлі көп. Оның спорттағы табыстары мен адамгершілік жолындағы ізгілікті істерін ұрпақ тәрбиесінің кәдесіне жаратса, нұр үстіне нұр. Сондықтан, Қажымұқанды шұқып-шұқып зерттеп қана қоймай, «қажымұқантану» ғылымын қалыптастыру қажет.
Балуанның немересі Перизат Қажымұқанованың айтуынша, музейге жылына 10 мыңнан астам турист келеді екен. Онда Қажымұқанның тарихи суреттерімен, оның ұрпақтары туралы мәліметтермен де кеңінен танысуға болады. Балуан мінген жайдақ арбаның төрт доңғалағы, бас киімдері, қартайған шағында киген ұзын етек көйлегі мен шалбары тұр. Сұрап білсек, ол көйлек-шалбардың да тарихы қызық екен. Қажымұқан 1945 жылы һакім Абайдың 100 жылдық мерейтойына Семейге барады. Сонда жергілікті халық балуанның көйлек-шалбарын тәбәрік деп шешіп алып, орнына жаңасын өлшеп-пішіп тігіп берген (кейіннен семейліктер оның түпнұсқасын музейге тапсырғанды жөн көрген). Сондай-ақ, бұл жерден балуанның 75 жасында көтерген тасын көре аласыздар. Салмағы – 350 келі. Мұражай залында ел спортының нығаюына зор үлес қосып, намысты қолдан бермей әрдайым жеңіс тұғырында көрінген қазақ спортының және аудан, облыс спортының майталмандарына арналған, сол кісілердің жеткен жетістіктерінен және жеке заттарынан жинақталған «Қажымұқанның ізбасарлары» бұрышы ашылған екен.
Музейде балуанның кезінде пайдаланып тұтынған тұрмыстық заттары, киген киімдері, әлемдік сайыстардан жеңіп алған алтын-күміс орден-медальдарының бірнешесі тұр. Нақты айтқанда, екі ордені, екі медалі бар. Қалған медаль-ордендерінің жоғалуына қатысты жорамал да көп. Айтпақшы, көне жәдігердің ішінде Қажымұқанның 1912 жылы әйгілі жапон Саракики Жиндофуды алып ұрған сәтінде марапаттаған медальдің түпнұсқасы көзге оттай басылады. Музей қызметкерлері бізге ықылас танытып, бұл тарихи медальмен естелік суретке түсуге рұқсатын берді. Қолға ұстап көргеннің кереметі бөлек емес пе. Кеудеңді мақтаныш кернеп, бойыңды намыс буа ма, әлде бойыңа жігер беретіндей ме, әйтеуір, аударып-төңкеріп қызыға қарадық. Мың болғыр әпкелерімізге алғысымызды жаудырдық.
Медаль туралы айтып қалдық. Мына дерек те қызық. Мәліметтерге сүйенсек, өз заманында балуанның әкесі Мұңайтпас қайтыс болып, Қажымұқанға елге оралу керек болады. Бірақ, қолында қайтарға қаражат болмағандықтан, эстон балуаны, досы Шульцке кепілге біраз медалін тастап кеткен.
Жәдігерлерді тамашалай жүріп, осы тұста музейдің ғылыми қызметкері Гүлзира Әшірбаеваның әңгімесін тыңдадық: «1993 жылы Санкт-Петербургте «Спортивный трофей» деген атпен жәрмеңке өтеді. Эстон балуаны Шульцтің ұрпақтары осында келіп, Қажымұқан бабамыздың орден-медальдарын аукционға шығарған. Оны белгілі қажымұқантанушы Әлімқұл Бүркітбаев жеке қаражатына сатып алып, кейіннен осы мұражайға тапсырды», – дейді Гүлзира ханым. Ендігі бір деректерде келтіреді, балуан ордень-медальдарын Арыстың жағасына лақтырған екен. Себебі, патшаның орденьдерін тақты деген айыптау көргендіктен. Бұл орайда қажымұқантанушы Ғазизбек Тәшімбайдың да айтары бар. «Кеңес одағы орнаған кезде балуанды патшаның адамы деп қудалаған кездер болған. Тіпті, 6 ай абақтыда жатқан. Міне, сол кезде 48 елден алған алтын-медальдары, мақтау қағаздары қолды болған», – дейді ол.
2018 жылы Қажымұқан бабамыз көтерген алып тас Темірландағы музейге салтанатты түрде тапсырылғанын айта кеткеніміз жөн.
Ол былай болған. Ғасырға жуық уақыт бұрын қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов Баянауылдағы досы Сүбек ұстаның үйінің іргесіне таудан алып тасты көтеріп әкеліп орнатыпты. Алып тасты алып келерде таразыға салып өлшемеген, әрине. Кейін ғой тастың салмағы 480 келі екені мәлім болғаны.
Сүбек ұста Баянауылға танымал болған деседі. Деректерге қарағанда, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қажымұқан бабамыз Павлодар уезі Ақкелін, Далба болыстарын аралап өнер көрсеткен. Бөрененің басына зіңгіттей жігіттерді отырғызып, одан қалса әлі құрық тимеген асаудың төрт аяғын біріктіріп тырп еткізбей иығына салып көтереді екен. Ал ұста ардақты балуан ойын көр¬сеткенде қолданатын темір құралдарын дайындап отырған. Қажымұқан халық алдына шығып, кеудесіне көлденең салған тасты Сүбекке ұрғызып сындыртқан. Осы оқиғаны көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қажымұқан» атты поэмасы бар.
Балуанның қара күшіне тәнті болған ауыл адамдары алдына отыз жылқы салып береді. Баянауылдағы Сүбек ұстаның үйіне түскен Қажымұқан жол жүрерінде досына олжасынан қалағанынша үлес алуын өтінеді. Ұста досының ниетіне ризалығын білдіріп: «Қажеке, мал соқса – желдікі, айдаса –жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп, осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын», – дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан таудан үлкен тасты көтеріп әкеліп, үйінің іргесіне қойып беріпті. Сол тас жуырда Баянауылдан Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірланға әкелінді. Қ.Мұңайтпасов атындағы музейге тапсырылды.
Осы бір игі істі ұйымдастырып, жүзеге асырған – Қуанышбек Қасымбек Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің жауапты қызметкері. Темірланға көрші Төрткүл ауылының тумасы. Сәуірде ауылына ол баянауылдық досын ерте келген екен. Ауыл-аймақты аралатқан. Дастарқан басындағы бір әңгімеде ауылдас қариялар досынан Баянауылдағы Қажымұқан көтерген алып тас жайлы сұрапты. Қуанышбек Темірландағы музей қызметкерлеріне жолығып, алып тастың тарихына қаныққан. Музей қызметкерлері Павлодарға 2-3 рет хат жазып тасты алдыра алмағанын, ал көшірмесін жасатуға көп қаражат қажет болғанын айтыпты. «Көп ұзамай павлодарлық шежіреші Рамазан Нұрғалиевпен әңгімелесіп, тастың көшірмесін жасатамыз деп шештік.
Алайда тастың көшірмесін жасаушы ұста тастың икемге келмей, қайта-қайта сына беретінін айтты. Сондықтан тастың түпнұсқасы тұрған Қабдірашид Мәжитов деген ақсақалдың шаңырағына бас сұғып, мән-жайды түсіндірдік. Ақсақал тасты Темірланға әкетуімізге рұқсатын берді. Қабдірашид қарияның айтуынша, бұл алып тас оған бала кезінен таныс. Сүбек ұстаның екі қызы тұрмысқа шығып, жәдігер қараусыз қалғаннан кейін Қабдірашид қария оны ауласына әкеліп қойыпты, – дейді Қуанышбек Әбдіғаппарұлы.
Осылайша өз заманында жауырыны жерге тимеген Қажымұқан бабамыз көтерген алып тас Темірландағы музейге салтанатты түрде тапсырылды. Сонымен қатар Баянауылда күш атасының өнерін өз көзімен көріп, мәңгілік өлмейтін жыр жазған МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының еңбектері де музейге табыс етілді.
Қажымұқан 1906 жылдары рет әлемдік деңгейде көріне бастаған. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған.
1909 жылы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.
1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
Ол поляк қызымен отау құрған. Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, мұсылман дініне кіргізген. Патша үкіметі құлаған соң балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болады.
1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы», – деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып: «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» – деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады.
Ол 1948 жылы ОҚО, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Оның төрт әйелінен тараған ұрпақ Түркістан мен Ақмола өңірінде өмір сүруде. Балуанның өміріне қатысты қызықты деректер қаншама! Қысқаша тоқталайық. Мәселен, күш атасының салмағы жөнінде. Кезінде мақтан үшін, жастарды спортқа баулу үшін салмағын көтеріп айтатындары болған екен. Шындығында қандай? Балуан өмірін зерттеуші Ә.Қоңыратбаев әдейі іздеп барып, 1946 жылы Қажымұқанмен (1948 жылы дүние салды) кездескенде тұлғасын өлшеп, анықтама берген. «Онда Қажекеңнің салмағы – 174 кг., бойы – 195 см», – дейді. Ал Қажымұқанның жас кезінде күресіп жүрген кездегі салмағы 200 келіден астам болыпты.