Тарихи мұраларды қорғау және тиімді пайдалану жұмыстары зерделенді

0
101
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Ерғазыұлы Дакенов жұмыс сапарымен Түркістан қаласына келді. Іссапардың негізгі мақсаты – «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи ескерткіштердің сақталу жай-күйімен танысу, оларды пайдалану, атқарылып жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысын зерделеу, алдағы міндеттерді нақтылау болды.
🔹Сапар барысында ең алдымен Гаухар ана кесенесі мен жаңадан салынған Сапар орталығының қызметімен танысып, келушілерге қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағына кіруге арналған турникеттер жүйесімен танысты. Бұл – келушілер ағынын реттеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау, аумақта жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен бақылауын күшейту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұдан бөлек, Ясауи музейі мен «Сирек жәдігерлер залы» көрмесінің экспозициясымен танысты. Музей-қорықтың қорымен танысып, тарихи құндылығы жоғары жәдігерлердің сақталу жағдайын көрді.
🔹Іссапар аясында Қожа Ахмет Ясауи рухына зиярат етіп, кесененің ішкі және сыртқы техникалық жағдайын жіті қарады. Кесененің жоғарғы қабаттарына көтеріліп, күмбез бөлігіндегі құздану үдерісі мен сталактиттердің тозу қаупінің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, мониторинг орталығының қызметі, реставрация барысы және ғылыми бақылау тетіктері туралы жауапты мамандарымен пікір алмасты.
🔹Реставрация жұмыстарын жүргізіп жатқан ғалымдар мен мамандарымен кездесіп, тарихи нысанды сақтап қалу ісінде жүйелі, ғылыми негізделген және кешенді тәсілдің маңыздылығына тоқталып, бірқатар ұсыныстар айтты. Кесене – тек сәулет өнерінің озық үлгісі ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани символы ретінде оны қорғау ұлтымыз үшін аса жауапты міндет екендігін атап өтті.
🔹Сонымен қатар, қорған қабырғаларының жаңбыр суының әсерінен құздану мәселесіне назар аударып, табиғи факторлардың кері ықпалын азайту үшін нақты әрі жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Атқарылып жатқан жұмыстарды жетілдіру және ғылыми негізде жалғастыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Сапар барысында Жеті ата көшесімен жүріп, Хан мешіті, Хан ордасы нысандарымен, одан әрі Жеті ата қақпасымен, Баб Араб және Үндемес ата кесенелерімен танысты.
🔹Іссапар соңында комитет төрағасы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кеңсе ғимаратында болып, Ясауитану ғылыми орталығының қызметімен танысты. Музей-қорықтың кітапхана қорларын, тарихи-мәдени әдебиеттер мен сирек басылымдарды қарап, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеуге бағытталған еңбектерге назар аударды. Қорыта айтқанда, музей-қорықтың атқарып жатқан жұмыстарымен және тарихи нысандардың жай-күйімен жан жақты танысып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Leave a reply