Әбдіғаппар ЖАҚЫПОВ: «АЛДЫНДА ЕЛ-ЖҰРТЫМНЫҢ ЖҮЗІМ ЖАРҚЫН»

0
77


Әбдіғаппар Әбдешұлы Жақыпов – 1964 жылы, қыркүйектің 3-жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Жүйнек ауылында дүниеге келген. 1982 жылы мектеп бітірген. 1983-1985 жылдары Кеңес әскері қатарында болған. Түркістан индустриалды-педагогикалық колледжінің «Ауылшаруашылық өндірісін электрлендіру» мамандығы бойынша оқуға түсіп, өнеркәсіптік оқыту шебері және техник-электрик мамандығын алып шыққан.
Еңбек жолын «Кентау құс» фабикасында бастап, «Кентау Ачполиметалл»-да, Шульба ГЭС-інде электрик, цех меңгерушісі болып жұмыс істеген.
2008 жылы «Түркістан» қалалық газетіне жұмысқа кіріп, 2014 жылға дейін тілші-корректор қызметін атқарған.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласындағы «Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ-мектеп-лицейі» мекемесінде менеджер болып қызмет етіп жүр.
«Мен келдім», «Көзімнің қарасы», «Күнделік», «Жүрегімнің дүрсілі» атты жыр жинақтарының және «Ағайынды Кенжеғұлдар» атты шежіре-кітаптың авторы. Сонымен қатар, өзінің арабша білімінің арқасында қасиетті Құранның 114 сүресін жинақтап үлкен бір кітап етіп шығарған. Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көріп тұрады, «Түркістан поэзиясы» жыр жинағына өлеңдері енген.
2021 жылдың 26-қарашасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтті.
2006 жылы өткен түркістандық ақын Ө. Сәуірбаевтың 60 жылдығына орай ұйымдастырған мүшәйраның жүлдегері,
Түркістанның төл перзенті ақын, жазушы, аудармашы Е.Негматуллаевтың 105 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасында ақиық ақын Қаныбек Сарыбаев атындағы номинация бойынша дипломмен марапатталған.
Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың, «Нұр Отан» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Темірбаевтың, «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің директор-редакторы М.Дәулетовтың Алғыс хаттарымен марапатталған.

БАЛАЛЫҚ

Жолаушы күн кеттi қырдан әрi асып,
Үш ұлым мен жатыр қызым таласып.
Балалық-ай, түстi-ау еске сол бiр күн,
Көкжиекке тұрмын үнсiз қадалып.

Ұмытқан ем түстi есiме нақ бүгiн,
Ұйықтағанша балаларға жоқ тыным.
Тыстағы ойын аяқталмай ақыры,
Үй iшiнде жаттық шулап кешқұрым.

Қамсыз тiрлiк, шiркiн қамсыз балалық,
(Рас ол сөз емес қазiр жаңалық).
Сағыныш па, өкiнiш пе бiрақ-та,
Сол бiр жақта бiр нәрсенiң бары анық.

Сегiз едiк өсiрдi әкем мәпелеп,
Бiр-бiр үй боп кеттiк қазiр жекелеп.
Мүлде басқа кiшкентайлар бүгiнде,
Дәл сол үйде отыр менi әке деп.

Ұйықтағанша балаларға жоқ тыным,
Толтырғанша ойынының кемтiгiн.
Жаттық солай үйдi басқа көтерiп,
Әлі есiмде дәл сол күнгi кешқұрым.

Әкем марқұм, бұларың не, балам-ау,
Демеушi едi құласа да Қаратау.
Отырды ол кешкi шайын жеке iшiп,
Жаздың күнi мүмкiн бе адам шаршамау.

Ендi қазiр бәрiн анық сезiнем,
Отырған ол болып өзi-өзiмен.
Бiр кездерде байқап қалдым мен оның,
Жас тамшылап отырғанын көзiнен.

Несi айып ол кiсi де тiрi адам,
Сұрағыма жауап берiп сұраған.
Дедi ол бiр кез: – дәл сендердей бiрге өскен,
Ойға түстi соғыста өлген үш ағам.

Бiлмесем де ағаларын дәл анық,
Баламын ғой, естiгенмiн шала ғып.
Бiрақ сол күн бәрiн еске түсiрген,
Бiлмегенмiн екендiгiн балалық.

Жолаушы күн кеттi қырдан әрi асып,
Үш ұлым мен жатыр қызым таласып.
Сағыныш па, өкiнiш пе бiлмеймiн,
Жүрек тұсым кеттi соғып ап-анық.

ӘКЕМ ЖӘНЕ МЕН

Аспанда ұшқан бiр топ тырналар,
Мен тұрмын жерде қанатым сынып.
(Ән)
Кейде ішіп… бір нәрсеге күйiне ме,
Ән айту Тәңiрiнiң сыйы ма әлде?
Әкем марқұм осы әндi көп айтатын,
Басқа ән жоқтай мынау дүниеде.
Өзi өлең жазатын күнi-түнi.
Бiрақ берi қаратты үнi кiмдi.
«Әне-мiне» деумен өткен жылдар,
Ақтар ма екен ал менiң үмiтiмдi.
Жазғандарым әйтеуiр бiр шығады,
Деушi ед әкем, дем берiп жыр шуағы.
Жұрттың бәрi лауреат, үздiк ақын,
Мен көрiнер ал қашан күн туады.
Әкем жырын бермейтiн газеттерге,
Ақын жаны сүйреді десек те өрге.
Бiр кiтаптап соң қуып бiр кiтапты,
Мен келемiн, жарар ма қажеттерге.
Өкiнiшi – кеш қалған тiлiп iшiн,
Әкем де өттi жырға өрiп тiршiлiгiн.
Жетіле ме білмеймін енді менің,
Сол түбірден көгерген жыр-шыбығым.
Бiрақ, бiр сәт тәубаны жөн жасаған,
Дегенiне жетiптi пенде қашан.
Әкеме ұқсап ұша алмай алыстарға,
Бұл күндерi сол әнге мен де басам.

МҮШӘЙРАДАН КЕЙІНГІ ОЙ

Келем әлі бәйге ғып жыр әлемін,
Басып өттім бұйырған құба белін.
Бақ па, бап па жетпейтін?..
Қашан мені,
Бас жүлдемен құттықтап тұрады елім.

Жел гулетіп түбінен құлағымның,
Басын еркін жібердім жыр-атымның.
Бәйгелерде тұлпардан есек озып.
Бірақ, сөзге бүгінде тұратын кім.

Таңдандырып өтсем де жыр әлемін,
Дәме етуім қателік, сірә, менің.
Батраштар әлі де бар ғой елде,
Оздырмайтын бәйгеден Құлагерін.
ПОЭЗИЯ
Мейлі келіп түспейін қай ағынға,
Місе тұтып, жүзбедім таязыңда.
Сенің мөлдір суыңды босқа кешіп,
Лайламайын дедім, поэзия!

Өзімді-өзім жығып сын таяғына,
Жоламадым шумақтың ой азына.
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…»,
Дедім мен де, поэзия!

Ақындықтың шыдамай азабына,
Сені тастап кетерме ем баяғыда,
«Сөз өнері дертпен тең» деген сол сөз,
Рас екен, поэзия!

2024-ЖЫЛ. 60 ЖАС

Ендім бүгін «60-тың» есігінен,
«60» жастықтың соңғы көші білем.
Бір күнгідей зыр еткен жаз-жайлаудың,
Несін айтып, көзіме несін ілем.

Несін айтам, несіне өкпелімін,
Талай күннің құр босқа кеткені шын.
Тек, әйтеуір, артымда жырым қапты,
Өтеуіне жараса өткенімнің.

«Жырың бізге бір нәрсе береді ме?»,
Дегендер бар, оны айтып керегі не.
Ал, солардың қоңыздай бар жиғаны,
Тұрады ма менің бір өлеңіме.

Байлық салмай-ақ қойсын көз қиығын.
Қараша үй жетеді, бөз киімім.
Қаратаудың қайсы бір шоқысындай,
Бар менің де өлеңде өз биігім.

Өз биігім, жетеді сол да маған,
Кездеспеді не пәле жолда маған.
Тек, әйтеуір, соңымда өлең қапты,
Бар байлығым сол менің олжалаған.

Уақытты бола ма ұстауыңа,
Кел, 60 жас, әзірмін нұсқауыңа.
Бұйырған жыр туыла жатар енді,
Келіп қонған құтты қыс-қыстауымда.

ТУҒАН ЖЕРДІ СҮЮ!
(Нұрмахан Назаровқа)
Кiм сүймейдi дейсiң ата-мекенiн,
Ал еңбегiн сiңiрдi оған жете кiм.
Құр «сүйеммен» жүре берiп бiлмеппiз,
Туған жерге не берсең де аз екенiн.

Түркiстанда… (қайтеміз құр ақталып),
Туылдық деп жүріппіз құр мақтанып.
Оның бәрiн Сiзден бiлдiк Нұреке,
Iсiңiзбен, жырыңызбен боп таныс.

Батырлар көп – елі үшiн күрескен,
Бiрi қалса, жатыр шығып бiрi естен.
Телқожаны табыстырдыңыз елге,
Топырағын әкеліп Үргенiштен.

Көрсетпесең шұқып, сенер қазiр кiм,
(Заман солай, емес бұл сөз әзілім).
Түркiстаннан ашып тұңғыш музейін,
Табыстырдың ел-жұртыңа Нәзiрiн.

Саттар менен Сұлтанбектей ұлдардың,
Аштыңыз да, зерттеп жаңа қырларын.
Сiзге ұқсап осынша iстiң қасында,
Кiм бар екен жүрген жазып жырларын.

Тайқазанды Эрмитаждан суырып,
Қайтартқан да Сіз екені туырлық.
Лукьяновқа жазған хатыңыз шештi,
Тұрған iстi теріс қарай бұрылып.

Қалатындай сол бiр тiрлiк жасалмай,
Жетпiсте де ақ қағаздан бас алмай.
Шежiресiн Түркiстанның жидыңыз,
Жұрт жүргенде бабасынан аса алмай.

Жатқан қазiр төбесiнде көк өсiп,
Шойтөбе де емес қой құр төбешiк.
Туған жерге адал еткен сол ма екен,
Қойнауынан тарихтың лебi есiп.

Бар әйтеуiр белгiсiз бiр байланыс,
Неге керек арман қылып Айды алыс.
Түркiстанның топырағын киелi,
Сiзше сүйсек келер бақыт айналып.

АҒАҒА НАЗ
Менің нәзік жанымды кім түсінер?
Мұқағали.

Болмады айтпасыма, қадірлі аға!
Қалмады шыдамда шек, сабырда да.
Әби аға!
Жүрмін мен бұл күндері,
Көтерген жүгім батып қабырғама.

Жүк дейтін жүк те емес сабылдырған,
Деп едім шашу шашсам лағыл жырдан.
Деп едім алақандай ауылымның,
Алдына Алматыны табындырсам.

Бұл ауыл жатыр дейсің нені біліп,
Болды да шайын берсе келін күліп.
«Болмаса, болмасын» деп білгендері,
Қояды қызғаныштың желін үріп.

Жеңілдеу болды ма екен тұзым бәлкім,
Түсінер мейлі әрқалай мұнымды әркім.
Үй бар ма мен кірмеген бұл ауылда,
Алдында ел-жұртымның жүзім жарқын.

Көгердім, өстім адал еңбекпенен,
Еңбексіз адам бәрін жеңбек немен.
Теледидар жөндесем алғыс айтты,
Еңкейген кәрі, бала еңбектеген.

Мақтанып не қыламын бірден аға,
Шектеліп қалғаным жоқ жырмен ғана.
Жарығын жағамын деп әрбір үйдің,
Қалды ма мен шықпаған бір бағана.

Жүргем жоқ мен оларды міндет етіп,
Тоқтай ма, бара жатыр күндер өтіп.
Қайтейін, қолым қысқа, қасымдағы,
Төбені ғана жүрмін мінбер етіп.

Бәрінен қымбат бірақ Жүйнек төбем,
Шабытты содан алам түйдектелген.
Сізге айтпай кімге айтамын мұның бәрін,
Заманда жақсы адамдар сиректелген.

Білесіз өмірімді кедір-бұдыр,
Содан ба, жазбадым бір көңілді жыр.
Ақын боп мүмкін шықпайтын ба едім,
Маңдайға жазылғанда жеңіл ғұмыр.

Болмайын алдыңызда жасығандай,
Болмайын ақынмын деп тасығандай.
Білесіз менің бұлақ-жырларымның,
Жүргенін дарияға қосыла алмай.

Тиіп жүр қазіргі шақ маған ауыр,
Көрінсе осындайда аға, бауыр.
Жырларым қалай қалмақ орта жолда,
Тұрғанда бәрі ағайын – қоралы ауыл.

ҚЫРКҮЙЕКТIҢ ҮШI

Қыркүйектiң, мiнеки, үшi бүгiн,
Тiрi адамдар жасауда тiршiлiгiн.
Аптығы әлi шiлденiң басылмапты,
Қадалып тұр қайырып кiрпiгiн Күн.

Бiрақ күздiң белгiсi басталыпты,
Қырдың жасыл шекпенi тасталыпты.
Бақтардың да алқызыл әшекейiн,
Есептегiш уақыт ап қалыпты.

Бiр-бiрiне ағаштар сыбырлайды,
Айта ма екен олар да ғұмыр жайлы.
Кеше ғана жүгiрген бала емес пе ем,
Неге уақыт сонша тез зымырайды.

Қыркүйектiң, мiнеки, үшi бүгiн,
Тiрi адамдар жасауда тiршiлiгiн.
Үшi бүгiн бұл менiң туған күнiм,
Тым болмас… ал, сол үшін!

ТҰСАУ ОҚИҒАСЫ

Жатқыза алмай еш әдеп белгiсiне,
Таң қалғанмын әкемнiң сол iсiне.
(Рас бiрақ кiмге опа қу дүние,
Өттi өмiрден әкем де, ол кiсi де).

Достықтары мейлi де, өз алдына,
Басқа жағдай боп өттi көз алдымда.
Сол бiр жайдың өмiрлiк сабақ болып,
Қалатынын ол кезде сезе алдым ба?

Түсiнбесем, шығармын түсiнбеген,
Тоқтатпаса тынар ед iсiм немен.
Көзбен көрiп, қолменен ұстағанды,
Кiнәлiмiн бе айтқан үшiн дегем.

…Он бiр де ме, жоқ әлде он екi ме,
Нақты қай кез, бүгiнде жоқ есiмде.
Көршi әрi қатар, дос кiсiменен,
Отырды әкем сол күнi көлеңкеде.

Тұт ағаштың қол жетер етегiнде,
Бiр ат тұсау тұратын әлi есiмде.
Әлгi кiсi көздi ала сол тұсауды,
Алды тығып қойнына кетерiнде.

Байқап қалып жүгiрiп әкеме кеп,
Жаттым айтып бiрдеме ете ме деп.
Етпек түгiл өзiме ұрыссын келiп,
Сол тұсаумен дүние жетеме деп.

Содан бiр сәт тесiле қарап маған,
Көрдiм сол кез пiшiнiн жаратпаған.
Әлгi кiсi сәл ұзап кеткеннен соң,
Әңгiмесiн қайтадан сабақтаған:

– Болады ма дүние «тұсау» бiзге,
Татый ма ол кеп кеткен мынау iзге.
Тоқтатқанда не болар едi оны,
Босқа ұялып қалар ек үшеумiз де.

Түсiнерсiң бәрiн де ес жиғасын,
Өтер өмiр қалады тек сыйласың.
Бiраз жерге апарып тастады әкем,
Таусылмайтын өзiнiң лекциясын.

Сол бiр жайды есiме жиi аламын,
Содан ба екен ол жағын бiле алмадым.
Ашкөзденген көргенде адамдарды,
Солар үшiн кей кезде ұяламын.

ТАУҒА БАРАМ

Биыл жазда қалайда тауға барам,
Жете бере-ақ төсінде аунап алам.
Кірем сосын ентелей ортасына,
Жан-жағымнан көк шыңдар қаумалаған.

Құз ішімен жағалап әрі асамын,
Сүйем жолда әр тасын, әр ағашын.
Нұр жүгіре жөнелер өзектерде,
Шыңнан басын шығарып қараса күн.

Тұрам қарап суына мөлдіреген
Сонда туған алғашқы өндір өлең.
Ақын болып шығар ма ем ақ бұлақтар,
Бал төсінен болса егер емдірмеген.

Қонам сонда жастанып бір шиені,
Тау ұлына ол жерде кім тиеді.
Қайта мені құшақтап, қойнына алар,
Қымтай түсіп көрпесін түн тиегі

Тауда өскенмін қалайша ұсақталам,
Самалымен досымдай құшақтасам.
Айта берер жәннатта осы жерден,
Әрі кетсе шығар-ау үш-ақ қадам.

ҚАРАСЫН-АЙ КӨЗІҢНІҢ

Қарасын-ай көзіңнің мойылдайын,
Сұлулықты қашан да мойындаймын.
Өзіңбісің қазақтың қара қызы,
Күн төсінде бойжеткен, төсінде Айдың.

Көздеріңнің мойылдай қарасын-ай,
Екі қастың кересің арасын жәй.
Қара көз қыз барасың болып маған,
Жүрегімнің жазылмас жарасындай.

Қарасын-ай мойылдай көздеріңнің,
Дәл өзіңдей көрмедім өзгені, шын.
Қарыздармын қара қыз мәңгі саған,
Сұлулықты жүрегім сезгені үшін.

Leave a reply