ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР – САН САЛАЛЫ МӘДЕНИЕТ ЖЕМІСІ

0
37

Түркістан қаласы тұрғындарының салт-дәстүрлер туралы білігін арттыру мақсатында төмендегі ақпараттық мақаламызды ұсынып отырмыз. Қазақстан зайырлы көпұлтты, көп конфессиялы мемлекет. Осы зайырлылық принципін негізге ала отырып, қазақ жерінде өмір сүретін әрбір халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, белгілі бір сенім жүйесі, яғни діні, ділі, тілі сақталып, осы уақытқа дейін жеткен. Қазақ сонау ертеден бастау алатын тарихи бай халық. Көнеден бүгінге дейін жеткен сан-салалы мәдениеті, тарихы, тілі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі кейінгі ұрпаққа үлгі- өнеге бола білген. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай ел. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға жеткен ұлт қасиетін салт-дәстүрімен, өнегені әдет-ғұрыппен, үлгіні жөн-жосығымен, әдепті ырым-тыйыммен тәрбиелеп, қашанда ұлағатты ұл, инабатты қыз өсіріп отырған. Осы орайда халқымыздың өмір сүру салтында бүгінге дейін өз маңызын жоймаған, қаймағы бұзылмаған, қоғамнан бір елі артта қалмаған, қазақ халқын өзге халықтардан ерекшелеп тұратын салт-дәстүрлері жайлы сөз етпекпіз.
Салт – дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері бола отырып, ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор мәдениет байлығы болып есептеледі. Кез келген ұлттың ел болып қалыптасуы үшін бірқатар тіректердің болуы қажет, яғни діні, тілі, жері және ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белбеудің бойында ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрді қалыптастырғаны тарих беттерінде анық бейнеленген. Мәселен, үлкенге-құрмет, кішіге-іззет көрсету, кәде сұрау, сәлем беру, сүйінші сұрау, жаңа туылған нәрестеге жақсы есім таңдау, уақыты келгенде баланы сүндеттеу, неке қию, садақа беру, жеті атаға дейін қыз алыспау, бата беру мұның бәрі дінмен байланыса отырып қоғамда өз маңызын жоймаған салт-дәстүрлеріміз болып есептеледі. Енді солардың бірқатарына қысқаша тоқталып өтейік.
Сәлем беру. «Сәлем сөздің анасы» — дейді дана қазақ халқы. Алланың әрбір күнін алғаш кездескен адамдар бір-бірлеріне сәлем берісумен ары қарай қатынастарын жалғастырады. Алғашқы кездесу, алғашқы сәлемдесуден бастап-ақ мәңгілік дос болып аралары суымай, бірін-бірі шынайы сыйласып, Алла алдындағы борышын кірлетпей өткен адамдар қаншама. Сәлемдесу әуелі адамды кішіпейілдікке тәрбиелейді және сәлем беру – адамға жақсылық, есендік-саулық тілеу дегенді білдіреді. Мәселен екі мұсылман кездескенде бір-бірінің қолын алып, хәл-жағдай сұрасса, Алла Тағала сол мезет оларға жүз рахымын төгеді, сондай-ақ осы сәтте олардың бір-бірлеріне тілеген дұға-тілектерін қабыл алады екен. Пайғамбарымыздың (с.а.с) үмбетін береке-бірлікке, достық, татулық, бауырмалдылыққа, кішіпейілдікке тәрбиелеп қана қоймай сәлемдескен кезде таза ниетпен бірінші сәлем берген адамдар күнәларынан арылып, сауапқа кенелетінін де хабардар еткен. Сондықтан да дана бабаларымыз балаларына жастайынан үлкендерге «Ассаләмуғалейкум» деп сәлем беріп, қос қолып ұсынуды, кішіпейіл болуды үйреткен екен. Ұлтымыздың ар-намысына айналған батыр бабамыз Б.Момышұлы «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау – әдепсіздік. Қалтаңда он диплолмың болғанымен, сәлем беру парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – іззеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөзбастаудың беташары. Сәлем беру – танысып білісудің, достасудың дәнекері» — деген екен.
Балаға есім беру. Жаңа туылған нәрестеге жақсы, дұрыс есім беру салт-дәстүріміздің бірі бола отырып, әрбір ата-ананың алдындағы міндеті саналады. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады. Асыл дінімізде де, сәби өмірге келгенде ата-анасының орындауға тиісті міндеттерінің бірі баланың құлағына азан шақырып жақсы ат қою Пайғамбарымыздан (с.а.с) бері келе жатқан сүннет амалы болып есептеледі. Бұл жайында Ислам дінінің ардақты пайғамбарынан жеткен жазбалар да жетерлік.
Жеті атаға дейін қыз алыспау. Халқымызда жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмаған, ана сүті араласпаған жастарға үй болуға жол ашық. Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты ертедегі әз-Тәуке ханның Жеті жарғысында некелік қатынастар туралы бабының екінші шартында жазылып көрсетілген. Дана халқымыз қан тазалығы мен тектіліктің бастауы ақ некенің адал болуынан екендігін ерте білсе керек, осындай талаптардың орындалуын қатаң қадағалаған.
Бата беру. Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халқымызда «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жақсы сөз жарым ырыс» деген сөздер де бар. Батаны жасы үлкен, көпті көрген ақсақалдар мен би-шешендер, ақындар, жолы үлкен азаматтар мен атақты батырларда беріп отырған. Десе де қазақ халқының сан ғасырлардан бері қалыптасып келе жатқан бата сұрау мен бата беру үрдісінің түп-төркіні асыл дініміз Исламмен астасып жатыр. Алла елшісі (с.а.с) былай дейді: «Мұсылман адамның бауырына сырттай жасаған дұға-тілегі қабыл болады. Оның басында арнайы белгіленген періште тұрады. Кісі бауырына жақсылық тілеген кезде белгіленген періште: Әмин! Саған да сондай жақсылық болсын»,-деп тілейді екен. Бата-жақсылық пен игі ықыластың, ақ тілектің көрінісі. Бата сұрау-өзі қалаған адамнан ықылас пен ризалық, жақсы тілек пен жарасымды алғыс сұрау деген сөз. Бата қандай жағдайда берілмесін адамды кісілікке, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді.
Әр халық өзінің тілімен, дінімен, атауымен және де салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Бүгінгі менің қозғайтын тақырыбым салт-дәстүр болмақ. Қазақ халқы ежелден салт-дәстүрлерін заңда жазылған ережедей сақтаған. Әр қадамында жасалу керек ырым-жоралғыларын өз ретімен орындап отырған.

Салт-дәстүр ұлттық тәрбиенің ұлы тіні десем де болады. Дәстүрмен өзге ұлт басқаны тани алады. Ол ұлтқа рух беріп, оның ішкі-сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Салт-дәстүріміз ғасырлар бойы қалыптасып қалған құндылығы, әлеуметтік – мәдени мұрасы болып табылады.
Айтқандай, салт-дәстүр арқылы ұрпақ тәлім-тәрбие алып отырған. Оны қазіргі таңда да үйінде әжесі бар немесе әжелерінің тәрбиесін көрген салиқалы отбасылардан көре аламыз. Қарапайым күнде әкеміздің «Қой!» дегені, анамыздың «Қыз бала емессің бе» деген сөздері де терең мағынамен айтылады. Оны тыңдай білетін құлақ болса, әрбір сөз тәрбиеге келіп тиеді. Үлкендер бүгін мұны бізге үйретіп жатса, болашақта оны келер ұрпаққа насихаттау – біздің мойнымызда! Дәстүріміз болса, халық оң болады, дәстүр бұзылса, қоғамның тарихи даму сабақтастығы да бұзылады! Сондықтан да салт-дәстүрлерімізді құрметтеп, есте сақтап, дұрыс жеткізе білу әрбір адамның қолында!
Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Сонымен бірге Ислам діні ұлтымыздың бітім болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Кез- келген дәстүр өз тамырын діннен алады. Себебі дін ол Хақты қалап, әділдікті талап ететін жалғыз ғана тура жол. Оның ішінде мейірімділік, ата-ананы құрметтеу, жалған сөзден тыйылу, қызды қырық үйден тыю мен оның тәрбиесін, адамгершіліктің кемелін, сонымен қатар ұят пен ардың, ождан мен тәртіптің қайталанбас тұғырлы төрін көсетеді.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов: «Қазіргі заман-өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», — дей келе, діннен тамыр жайған дәстүрімізді берік, иманымызды өзімізге серік ету арқылы ғана біз өзіміздің тарих сахнасынан орын алған тәуелсіз ел екеніміздің баршаға дәлелдегеніміз болар еді.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Қуандық Гүлбану

Leave a reply