САУРАН: ҚАРАШЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛЫП, ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округіндегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, мәдениет саласы қызметкерлері мен ауыл тұрғындарын маңызды нысанның ашылуымен құттықтады.
Қарашық мәдениет үйі 1970 жылы салынған. Ғимараттың жалпы көлемі 3094 шаршы метрді құрайды. Мәдениет ошағында 150 орындық көрермен залы, сахна және үйірме жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Бүгінде мәдениет үйінде көркемсөз, драма және хор үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Аталған үйірмелерге ауылдың өнерге бейім жастары мен тұрғындары белсенді қатысып келеді. Нысанның қайта жаңғыртылуы мәдени-көпшілік іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға, ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға және жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында аудан әкімі мәдениет саласын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, мәдениет ошақтарының халықтың рухани өміріндегі маңызына тоқталды. Қайта жаңғыртылған мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, өңірдің мәдени өмірін жандандыруға өз үлесін қосатын болады.













