ТҮРКІСТАНДА «МУЗЕЙ ТҮНІ» МӘДЕНИ-КӨПШІЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

0
375

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған дәстүрлі «Музей түні» мәдени-көпшілік шарасы жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке рухани әсер сыйлаған тағылымды кешке айналды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи мұраларды кеңінен насихаттауды мақсат еткен ауқымды шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, тарихи-мәдени ортадағы ерекше рухани атмосфераны сезінді. Жалпы саны 2370 адам қатысқан кеш таным мен тағылымды ұштастырған мазмұнды бағдарламаларымен ерекшеленді.

Шара барысында келушілер халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін айшықтайтын көрмелерді тамашалап, түрлі интерактивті жобалар мен танымдық бағдарламаларға қатысты Мәдени кештің басты мақсаты – музей қорындағы тарихи жәдігерлерді кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың ұлттық тарих пен рухани мұраға деген құрметін күшейту. Әсерлі кеш барысында келушілер тек музей экспонаттарымен танысып қана қоймай, халқымыздың мәдениеті мен тарихына терең бойлауға мүмкіндік алды.

Мәдени шара аясындағы алғашқы іс-шаралардың бірі ретінде Музей педагогикасы бөлімінің ұйымдастыруымен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Жаншуақ» жобасының қорытынды танымдық сабағы өтті. Жыл бойы жүзеге асқан жоба балалардың тарихи-мәдени мұрамен етене танысуына жол ашып, олардың дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті. Жоба аясында жұмыс істеген «Инклюзияны қолдау кабинеті» тәрбиеленушілер үшін мейірім мен қамқорлыққа толы ерекше білім беру алаңына айналды. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен музей жәдігерлерін насихаттау бағытында белсенділік танытқан ұстаздар мен оқушылар музей-қорық атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара бағдарламасына сәйкес «Жадымда қалсын жәдігер» атты жас шеберлер байқауы ұйымдастырылып, оған Түркістан қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қатысты. Байқау жасөспірімдердің көркем еңбекке деген қызығушылығын арттырып, эстетикалық талғамы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Қатысушылар тарихи мұраларды шығармашылық тұрғыдан бейнелеп, өз өнерлерін ортаға салды. Нәтижесінде үздік жұмыстар иелері дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Бағдарлама аясында «Аңыздар – жасөспірімдер көзімен» атты шығармашылық байқауы өтті. Байқауға Түркістан қаласындағы мектептердің 21 оқушысы қатысып, Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен тарихи-мәдени мұраларға арналған шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен әр жас ерекшелігі бойынша жеңімпаздар анықталып, І, ІІ, ІІІ орын иегерлері марапатталды. Халықаралық музей күні аясында өткен тағылымды байқау жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастырып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Шара аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде келушілерге арналған «Суретке қарап ескерткішті немесе жәдігерді тап» атты танымдық-интеллектуалдық ойын өткізілді. Қатысушылар тарихи жәдігерлер мен киелі орындардың суреттеріне қарап, олардың атауы мен тарихын анықтауға тырысты. Бұл ойын келушілердің тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, танымдық көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар «Қожа Ахмет Ясауиге қатысты аңыздар» тақырыбындағы тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Мерекелік кеш аясында дәстүрлі «Музейге сый» акциясы да ұйымдастырылды. Жыл сайын өткізілетін игі шара барысында музей қорына көптеген құнды жәдігерлер табысталды. Атап айтқанда, Аббасұлы Әбсаттар ХІХ–ХХ ғасырларға тиесілі төрт діни кітапты, Айтбайұлы Оразалы ХХ ғасырдың басындағы тақыр кілемді, Сыпабекұлы Бердібек ат дорба мен Құран Кәрімді музей қорына сыйға тартты. Сонымен қатар музей-қорық қызметкерлері де акцияға белсенді қатысып, тарихи маңызы зор жәдігерлерді табыстады. Нәтижесінде акция аясында музей қоры 10 жаңа құнды жәдігермен толықты.

Кешкі сағат 18:00-де «Ясауи» музейінде «Түнгі музей» салтанатты бағдарламасы бастау алған шарада қонақтар «Музей түні көріністері» фотокөрмесін тамашалап, дәстүрлі Хәлім ботқасынан дәм татты. Бағдарлама аясындағы шараларға белсенді қатысқан оқушылар музей-қорық директоры міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаевтың Алғыс хаттары және қаржылай сертификаттарымен марапатталды. Сонымен бірге келушілер Ясауи мұрасын дәріптейтін театрландырылған көріністерді тамашалап, бүлдіршіндер хикметтерді мәнерлеп оқудан сайысқа түсті.

Кештің ерекше жобаларының бірі – «Сирек жәдігерлер залында» өткен «Экспонат сөйлесін» интерактивті медиажобасы болды. Қатысушылар музей қорындағы ерекше экспонаттарды таңдап, оларды 60 секунд ішінде креативті әрі тартымды форматта таныстыратын қысқа бейнероликтер түсірді. Жоба музей контентін заманауи форматта насихаттауға, жастардың қызығушылығын арттыруға және ғылыми ақпаратты көпшілікке түсінікті тілде жеткізуге бағытталды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталып, «Үздік спикер», «Ең креативті видео», «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша арнайы Алғыс хаттарға ие болды.

Сонымен қатар кеш барысында «Қыш құмыраларды қалпына келтіру процесі» атты шеберлік сабағы, «Ойлан, тап!» викториналық сайысы, «Тарихи ескерткіштер жайлы музейлік квест», «Жас экскурсовод» үйірмесі мүшелерінің ойын форматындағы экскурсиялары, «Диуани хикмет», «Пақырнама», «Миратул-кулуб» еңбектерін таныстыру шаралары және «Қолжазба құпиясы: сия, таңба, хикмет» интерактивті қойылымы ұйымдастырылды. Қатысушылар тарихи нысандарға арнайы экскурсияларға қатысып, көне мұралармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, музей-қорықтың экскурсия жетекшілері кесенеге келушілерге түрлі танымдық сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табыстады.

Шара соңында келушілер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Жұма мешіті, Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Ясауи музейі және Сирек жәдігерлер залы секілді тарихи орындарға түнгі шолу экскурсияларын жасап, ерекше рухани әсермен тарқасты.

Айта кетейік, «Музей түні» шарасы аясында түнгі сағат 00:00-ге дейін «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы аумағына кіру барлық келушілер үшін тегін әрі ашық болды.

 

А. Әлібек, баспасөз хатшысы.

Leave a reply