Суббота, 17 октября

ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

0
80

Түркістан облысында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылып келеді. 4 жылдың ішінде игі бастамаға 20 млрд 375 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл жай ғана статистика емес. Оның артында ем алған балалар, жаңа мүмкіндікке ие болған ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, заманауи жабдықпен білім алып жатқан оқушылар және спортпен айналысуға жағдай жасалған ауыл жастары бар. Бүгін осы жобалардың нәтижесін көзбен көру үшін өңірде арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.

Журналистер мінген автобус алғаш болып Сауран ауданы Шаға ауылдық округы Әшірбек Сығай атындағы мектепке аялдады. Пайдалануға берілгеніне бес жыл толған оқу ордасына 2024 жылы «Қазақстан халқына» қорының қамқорлығымен 250 млн қаржыға материалдық базасы жаңартылған. Мектеп директоры Мереке Әлиеваның айтуынша материалдық базамен қамтылғаннан кейін білім сапасы да біршама артқан. Нәтижесінде оқушылар республикалық байқауларда топ жарған. Сонымен қатар, оқытушылар халықаралық конференцияларға қатысып, зертеу жұымыстарын қорғап, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасқан. Мектептегі барлық ұстаздар біліктілік курсынан өткен. Білім ошағы бүгінде білім сапасы бойынша 62 пайыздық балды көрсеткен. Мереке Кенжетайқызы бастаған мектеп ұжымы ауыл балаларына үлкен қолдау жасаған «Қазақстан халқына» қорына өз алғыстарын білдірді.

Келесі бағытымыз Түркістан қаласындағы «Қамқорлық» орталығы болды. Бұл мекеме бір мезетте 125 балаға қызмет көрсетуге арналған. Мұнда балаларға әлеуметтік, медициналық, психологиялық және педагогикалық бағыттарды қамтитын 8 түрлі қызмет көрсетіледі.

Мекеме директоры Айнұр Қалдыбаеваның сөзінше орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Қамқорлық» корпоративтік қоры және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры бірлесіп 350 млн теңге, ал қызметкерлерді оқытуға 40 млн теңге бағыттаған. Орталықта проекциялық және интерактивті бөлмелер, сенсорлық және сенсорлық интеграция кабинеттері, робототехника және LEGO сыныптары, музыка және арт-терапия кабинеттері, сондай-ақ тігін және қыш шеберханалары жабдықталған.

Журналистер жиылған топ Түркістан облысы білім басқармасына қарасты № 1 арнайы кешен балабақша мектеп-интернатына тоқтады. БАҚ өкілдері мектеп ұжымы мен оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Білімге құштар балалардың әндерінен сусындап өлеңдерін тыңдады. Салтанатты шарадан соң «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қайта жабдықталған сыныптармен танысып, оқушылардың сабақтарына қатысты. «Бұл мектептің ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Мұнда 386 бала тәрбиеленуде. 2 мектепке дейінгі тобымыз бен 39 мектеп сыныбы бар. Интернаттың негізгі бағыты ерекше білім беруді қажет етеін балаларға тәлім мен тәрбие білім беретін мекеме. Бұл интернатта сөйлеу тілінде кемістігі бар, көру,есту және жүріп тұру қабілеті бұзылған балалар психикалық дамуы тежелген балалар білім алады. Осы ретте, 2023 жылы 35 млн теңгеге 7 сыныбымызды арнайы жабдықтаған «Қазақстан халқына» қорына алғысымызды айтамыз. Себебі қайта жабдықталғаннан кейін жетістігіміз артты. Нақтырақ айтсақ, үш жылдың ішінде 410 ерекше білім беруді қажет ететін балаға жалпы білім беру үрдісінде ешқандай кедергісіз білім алуға түзетіп, дамытып жалпы ортаға қостық» — деді Түркістан облысы білім басқармасына қарасты № 1 арнайы кешен балабақша мектеп-интернатының директоры Гүлмира Жақсыбекқызы.

Баспасөз туры аясында барған соңғы нысан Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы балалар спорт залы болды. Айта кетейік қордың қолдауымен 21 спорт мектебі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылған.  Солардың бірі осы спорт зал. Бұл «100 ауылдық балалар спорт залы» жобасы аясында іске асырылған. Мұнда ауыл балалары мен жастардың футбол, волейбол, баскетбол, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасалған.

«Қазақстан халқына» қорының Түркістан облысындағы қолдауымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, спорт және мәдениет салаларында біршама жобалар жүзеге асырылып, өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосуда. Аталған жобалар халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсартуға, білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге, әлеуметтік осал азаматтарды қолдауға, ауыл балалары үшін спорттық инфрақұрылым қалыптастыруға және мәдениет үйлерін жаңа форматта дамытуға бағытталған. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге арналған нақты қолдау шаралары болып табылады.

Leave a reply