
«Әділет» партиясының өкілдері Ордабасы ауданына қарасты Ұялыжар ауылындағы «Бакжан АйтНур» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесті. Басқосудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру, ел дамуының басым бағыттарын еңбек адамдарымен талқылау және алдағы міндеттер жөнінде пікір алмасу.
Кездесу барысында партия өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, ел экономикасын әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы міндеттер сөз болды.
Партия өкілдері ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасындағы маңызды орнына тоқталып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық өнім өндірушілерді қолдау мәселелерінің өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, өндіріс тиімділігін арттыру және шаруалардың еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы бастамалар туралы түсіндірді.
Басқосу барысында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мен еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне де назар аударылды. Шаруа қожалықтарының қызметі ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, жергілікті экономиканы нығайтуға және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Партия өкілдері Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда әрбір азаматтың, әсіресе өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мамандардың үлесі маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ елдің дамуы нақты еңбекпен, жауапкершілікпен және ортақ іске жұмылған күш-жігермен жүзеге асатыны атап өтілді.
Кездесу соңында шаруа қожалығының еңбек ұжымы өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері көтерілген мәселелерге назар аударып, мұндай кездесулердің мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын халыққа түсіндіруде және қоғаммен тұрақты байланыс орнатуда маңызы зор екенін атап өтті.













