
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Бәйдібек ауданында спортшылармен, жастармен және спорт саласының қызметкерлерімен кездесті.
Басқосуға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штабтың мүшелері, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ауылдық аумақтарды дамыту, жастардың әлеуетін арттыру және бұқаралық спортты өркендету мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулу, жас спортшыларға қолдау көрсету және ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау мәселелерінің маңыздылығы да назардан тыс қалмады. Өйткені спорт – жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиеленуіне ықпал ететін маңызды сала.
Сонымен қатар, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, олардың бастамаларын қолдау және ауылдық жерлерде өзін-өзі дамытуына мүмкіндік жасау мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар өңірдің дамуындағы өзекті бағыттар жөнінде пікір алмасып, партия өкілдерімен ашық форматта әңгіме өрбітті.












