
«Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттары мен сайлауалды штабының мүшелері Бәйдібек ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, штаб мүшелері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Кездесуде партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым міндеттер талқыланды. Әсіресе, ауыл шаруашылығын қолдау, су ресурстарын тиімді пайдалану, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне назар аударылды.
-Түркістан облысы халқының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аграрлық саланы дамыту – өңір үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суару каналдарын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын дамыту көзделген. Бұл шаруалардың өнімділігін арттырып, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, — деді Алмас Салимов.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және шағын әрі орта бизнесті қолдау жоспарланған. Бәйдібек ауданында да инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық берілмек.
Бағдарламада әлеуметтік мәселелер де кеңінен қамтылған. Атап айтқанда, халықты жұмыспен қамту, жастардың кәсіби тәжірибе жинақтауына жағдай жасау, отбасыларды әлеуметтік қолдау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген.
Жиын барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі мақсаты өңірдің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер теңдігін қалыптастыру екенін атап өтті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, партия бағдарламасын қолдайтындықтарын айтты.













