ІШКІ НАРЫҚТЫ ҚОЛДАУ — ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ САУДА СӨРЕЛЕРІНДЕ ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ ҮЛЕСІ ҰЛҒАЮДА

0
25

Ішкі нарықты дамыту және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – Түркістан облысының экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде өңірде жергілікті кәсіпорындарды қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту, қазақстандық өнімдердің нарықтағы үлесін арттыру және жаңа өндірістерді іске қосу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің сауда орындарындағы қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидалары талаптарына сәйкес, сауда объектілерінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар міндеттер көзделген. Атап айтқанда, ішкі сауда субъектілері «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар мен белгіленген сөрелер арқылы отандық өнімдерді ерекшелеуге міндетті. Сонымен қатар қазақстандық өндірістегі тауарлар сатып алушыларға көрнекі әрі қолжетімді орындарға, яғни көз деңгейіндегі сөрелерге орналастырылуы тиіс. Қағида талаптарына сәйкес, сауда объектілеріндегі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арналған жалпы сауда алаңы мен сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі қажет.

Бұл шаралар өңір экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң ықпал етуде. Облыс көлемінде өндірілетін өнімдердің ішкі нарықтағы үлесін арттыру мақсатында жергілікті кәсіпорындардың өткізу нарығын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде шығарылатын азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, тоқыма бұйымдары, жиһаз және басқа да тауарлардың сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде жергілікті өндірушілердің өнімдері тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де сұранысқа ие болуда. Отандық өндірушілерді қолдаудың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін арттыру. Осы мақсатта жергілікті кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, олардың өнімдері мен қызметтерін тұтынуға басымдық беру шаралары қолға алынған. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жаңа инвестиция тартуға және өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік беруде.

Түркістан облысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің нарықтағы үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту және ішкі нарықты сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар халықтың қазақстандық тауарларға деген сенімін нығайтып қана қоймай, өндірістің дамуына да оң ықпал етуде. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді. Өңірдегі сүт өңдеу, ет өнімдерін шығару, консервілеу және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары өндіріс көлемін жылдан-жылға арттырып отыр. Сондықтан жергілікті өнімдерді сауда желілерінде кеңінен орналастыру өңір кәсіпкерлерінің дамуына қосымша мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Түркістан облыс көлеміндегі ірі сауда желілерінде отандық өнімдерді насихаттау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Әсіресе сүт өнімдері, ірімшік, май және өзге де күнделікті тұтынатын тауарларға ерекше көңіл бөлінген. Сауда орындарында арнайы логотиптер қойылып, сатып алушыларға өнімнің Қазақстанда өндірілгені туралы ақпарат берілуде.

Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық өнімдердің сапасы соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған. Көптеген кәсіпорындар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп, заманауи технологияларды енгізуде. Соның нәтижесінде отандық тауарлар тек ішкі нарықта ғана емес, экспорттық бағыттарда да сұранысқа ие болуда. Түркістан облысындағы сауда желілерінде отандық ірімшік өнімдеріне «Қазақстанда жасалған» логотиптері бар арнайы маңдайшалар орналастырылып, қазақстандық өнімдерге басымдық берілуде. Бүгінде Magnum сауда желісінің сөрелерінде отандық өндірушілердің Natige, Эмир, Айс, Дони ЛТД, Майлыкент Сүт және Бурненский брендтерінің сыр өнімдері ұсынылып, тұтынушыларға қолжетімді етілген. Бұл өнімдер арнайы белгіленген сөрелерге орналастырылып, сатып алушылардың назарын аударуға және отандық тауарларды таңдауды жеңілдетуге мүмкіндік беруде. Аталған шаралар жергілікті өндірушілерді қолдауға, халық арасында отандық өнімдердің үлесін арттыруға және тұтынушыларға қазақстандық тауарларды оңай таңдауға жағдай жасауға бағытталған.

Өңірде өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парктердің жұмысы жанданып келеді. Әсіресе Сауран ауданындағы шағын өндірістік парк кәсіпкерлікті дамытудағы табысты жобалардың біріне айналды. Мұнда өндірістік инфрақұрылым дайын күйінде ұсынылып, кәсіпкерлердің жаңа жобаларды қысқа мерзімде іске қосуына жағдай жасалған. Бүгінде аталған парк аумағында құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығару және өңдеу өнеркәсібі бағытындағы бірқатар кәсіпорындар жұмыс істеуде.

Аймақта өндірісті жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Кәсіпорындар өндірістік желілерін жаңартып, цифрлық технологияларды қолдану арқылы өнім сапасын арттыруға және шығындарды азайтуға басымдық беруде. Бұл өз кезегінде жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ішкі және сыртқы нарықтағы сұраныстың өсуіне ықпал етуде. Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, кәсіпкерлерге өндірісті дамыту үшін қажетті қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Түркістан облысында отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен ондаған жаңа өндірістік жобалар іске асырылды.

Жетістіктердің қатарында өңдеу өнеркәсібінің дамуы, өндіріс көлемінің артуы, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюі және жаңа жұмыс орындарының ашылуын атап өтуге болады. Облыста өндірілген өнімдердің экспорттық әлеуеті де артып, жергілікті кәсіпорындар халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік алуда. Алдағы уақытта Түркістан облысында ішкі нарықты одан әрі дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру, экспортқа бағдарланған өндірістерді көбейту және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға басымдық беріледі. Сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу арқылы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, ішкі сауда субъектілері жоғары сұранысқа ие өнімдермен қатар «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарларды орналастыру арқылы кросс-сауда тәсілін қолдануға міндеттеледі. Қазақстандық өндірушілер немесе отандық өнімдерді жеткізушілер тарапынан жазбаша өтінімдер түскен жағдайда, сауда желілері сөре кеңістігін бөлу жұмыстарын қамтамасыз етеді. Ал өтінімдер болмаған жағдайда, сауда объектілері Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі арқылы отандық өнімдермен сөрелерді басымдық тәртібімен толықтыру шараларын қабылдайды.

Жалпы өңірде отандық өнімдерге басымдық беру бағытындағы жұмыстар өңір экономикасының дамуына, жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға және халықты сапалы қазақстандық тауарлармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасып, сауда орындарындағы отандық өнімдердің үлесі одан әрі артып, қазақстандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігі күшейе түспек.

Leave a reply