ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА: ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІНЕ АЙНАЛДЫ

0
25

Бүгінде кәсіпкерлік Түркістан облысы экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жылдан-жылға артып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Кәсіпкерлік саласының өркендеуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының өсуіне, бюджет кірісінің ұлғаюына және өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына оң әсерін тигізуде. Қазіргі таңда облыста мыңдаған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері табысты жұмыс істеп келеді. Олар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, қызмет көрсету, көлік-логистика және туризм салаларында қызмет атқарып, өңір экономикасының әртараптануына ықпал етуде. Әсіресе, халық саны көп Түркістан облысында кәсіпкерліктің дамуы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудың және әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды құралы болып отыр.

Осы тұста инвестициялық ахуалды ары қарай дамыту мақсатында түрлі іскерлік байланыстар орнатылып келеді. Соның бірегейі жуықта өңіраралық қатынастарды нығайту жөніндегі Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаевпен бауырластық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат – өңіраралық қатынастарды дамытуда, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруда маңызды қадам. Түркістан және Ташкент облыстары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салаларында жоғары әлеуетке ие стратегиялық маңызды өңірлер. Тараптар бизнеске қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі өңір кәсіпорындары арасындағы кооперацияны кеңейтуге ерекше назар аударды. Түркістан және Ташкент облыстарының 200-ге жуық кәсіпкер қатысқан «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумында сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш аудандарының әкімдері Ташкент облысының аудандарымен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойды. Жалпы мемлекет тарапынан бизнесті қолдау бағытында қабылданып жатқан кешенді шаралар кәсіпкерлердің өз ісін ашуына және кеңейтуіне кең мүмкіндік беруде. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несие кепілдіктерін ұсыну, өндірістік және инженерлік инфрақұрылым тарту сияқты қолдау құралдары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Мұндай қолдау тетіктері әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа жобалардың іске қосылуына серпін беруде.

Өңірде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында индустриалды аймақтар мен шағын өндірістік парктердің жұмысы да жандана түсті. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаңдар ұсынылып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемінің артуына, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беруде.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының кәсіпкерлерімен G2B кездесуін өткізіп, кәсіпкерлермен жүздесті. Инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларына қызығушылық танытып, өзара тиімді жобаларды талқылады.

Нәтижесінде жалпы құны 19,3 млн АҚШ доллар болатын меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Қазкрахмал» ЖШС Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен 5 млн доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Осы келісім аясында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу арқылы алынатын крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстанға жеткізуге уағдаласты. Ал «СПК Хамит» ЖШС Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен 250 мың доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Келісім бойынша «СПК Хамит» компаниясы Өзбекстаннан жыл сайын тауарлы балық пен балық шабақтарын алатын болды. Сонымен қатар «Мясные продукция Туркестан» ЖШС Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 млн доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Тараптар Сауран ауданында сервистік мал сою бекеті мен ет өнімдерін қайта өңдейтін цехқа қажетті құрал-жабдықтарды алу жөнінде келісімге келді. Қазығұрт ауданы әкімдігі «Imperial Nova Chemical» компаниясымен өңірде 5 млн долларлық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Компания Қазығұрт ауданында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуға ниетті.

Сондай-ақ «Imputus Nova Chemicals» компаниясы «СП ООО Zhongtian Chemical» компаниясымен өңірде 8 млн долларлық жобаны іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Жоба аясында Қазығұрт ауданында қазба байлықтарды өңдеуге арналған химиялық өнімдер шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. «Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, өңіраралық экономикалық байланысты кеңейтуге және ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Халқының саны 3 миллионнан асатын Ташкент облысы – Өзбекстан Республикасының экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерінің бірі. Облыс елдің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Аймақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салалары бойынша республикада жетекші орын алады. Өңірде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісі және машина жасау салалары қарқынды дамып келеді.

Бәсекеге қабілетті кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру және отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Жергілікті кәсіпорындардың өнімдері ішкі нарықта сұранысқа ие болып, қазақстандық қамту үлесі артып келеді. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, өңірде өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасауда.

Жалпы, Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат пен қолдау шаралары өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етудің маңызды факторына айналып отыр. Алдағы уақытта да шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасып, өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

 

Leave a reply