ТҮРКІСТАНДА ФИНТЕХ ЖӘНЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
30

Түркістан облысында инфрақұрылымдық цифрландыру бағыты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін негізгі басым бағыттардың бірі ретінде қалыптасып келеді. Қазіргі таңда жол-көлік жүйесі, коммуналдық шаруашылық, энергетика, сумен жабдықтау және қала құрылысы салаларында заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Жасанды интеллект технологияларын енгізу де өңір дамуының маңызды бағытына айналуда. Білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларында AI шешімдері қолданылып, процестерді автоматтандыру және деректерді талдау мүмкіндіктері кеңейтілуде. Мәселен, облыста жасанды интеллект элементтері бар цифрлық медициналық орталық ашу жоспарлары да қарастырылуда.Сонымен қатар өңірде цифрлық трансформацияны қолдайтын форумдар мен хакатондар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жастар мен ІТ мамандар қатысатын мұндай іс-шаралар жаңа инновациялық жобалардың дамуына және қаржылық технологиялар мен киберқауіпсіздік салаларын жетілдіруге ықпал етуде.

Инфрақұрылымдық жобаларды басқаруда GIS (геоақпараттық жүйелер) технологиялары пайдаланылуда. Бұл жүйелер арқылы құрылыс нысандарының орналасуын жоспарлау, инженерлік желілерді бақылау және аумақтарды тиімді пайдалану мүмкіндігі артып отыр. GIS технологиялары өңірлік жоспарлау сапасын жаңа деңгейге көтеруде.

Сонымен қатар Түркістан облысында цифрлық байланыс инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылуда. Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, байланыс сапасын арттыру және цифрлық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласында «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбында форум ұйымдастырылып, оның аясында панельдік және пленарлық отырыстар өтті. Ауқымды іс-шараға өңірдің мемлекеттік органдарының өкілдері, қаржы және ІТ саласының мамандары, сондай-ақ жас мамандар мен студенттер қатысты. Форум барысында қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің рөлі кеңінен талқыланды. Қатысушылар қазіргі жаһандық цифрлық трансформация жағдайында қаржы жүйелерін қорғау, киберқауіпсіздікті күшейту және цифрлық алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, қаржы саласындағы цифрлық шешімдер, финтех жобалар, деректерді қорғау технологиялары және жасанды интеллект негізінде тәуекелдерді басқару жүйелері таныстырылды. Сарапшылар цифрлық төлем жүйелерін дамыту, онлайн қаржы қызметтерінің қауіпсіздігін арттыру және киберқатерлерге қарсы тұру тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар жас мамандарға арналған арнайы сессиялар ұйымдастырылып, онда стартап жобаларды дамыту, IT саласындағы жаңа мүмкіндіктер және қаржылық технологиялар нарығындағы трендтер талқыланды. Бұл бастама жастардың цифрлық экономикаға араласуына және инновациялық идеяларды іске асыруына жол ашуда. Оған қоса маңызды басқосуда Blockchain технологияларын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен бірге цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні қаржылық мониторинг және құқық қорғау жүйелеріне енгізу, деректерді тиімді пайдалану, сондай-ақ киберқылмыстың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара мемлекеттік органдар, сарапшылар және ІТ-сала өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қаржылық қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзекті бастамаларды пысықтауға мүмкіндік берді. Экономиканың барлық салаларын цифрландыру – мемлекеттік басқару сапасын арттыру басты назарда. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етуде. Электрондық қызметтердің дамуы, инновациялық орталықтардың ашылуы және жасанды интеллект технологияларын енгізу өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және цифрлық экономиканың қалыптасуына жол ашуда.

Жалпы Түркістан облысында цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру және инновациялық технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өңірде цифрлық инфрақұрылымды нығайту, электрондық үкімет қызметтерін кеңейту және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға жаңа серпін берілуде. Түркістан қаласында бейнебақылау жүйелері, интеллектуалды көлік қозғалысын бақылау құралдары және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін цифрлық платформалар іске қосылып, қала өмірін басқарудың автоматтандырылған жүйесі қалыптасуда.

Айта кетейік Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан осындай жүйелі бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да оң әсер етеді. Заманауи инфрақұрылым мен технологиялық шешімдер шетелдік және отандық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, туризм және креативті индустрия салаларының дамуына жол ашады.

Leave a reply