КЕНТАУДАҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ МЕДИЦИНА НЫСАНДАРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖОСПАРЛАНУДА

Кентау қаласындағы №7 колледжі өңір көлемінде жұмысшы мамандықтарды даярлайтын жетекші білім мекемелерінің бірі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев іссапары барысында колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігі және инфрақұрылымымен танысты.
Технкалық және кәсіптік бағытта білім беретін колледж 9 мамандық бойынша оқытады. Атап айтқанда, машина жасау технологиясы, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, электрь жабдықтары, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, тамақтандыруды ұйымдастыру, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, шаштара өнері мамандықтарымен қамтылған. Қазіргі таңда 480-нен астам студент білім алып жатыр. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 275 студент қабылданды. Оқу корпусынан бөлек жатақхана, асхана, АКТ залы бар. Ғимаратты аралап, жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары грантпен оқитын студенттердің санын көбейту, түсіндірме жұмыстарын күшейту керектігін ескертті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көгалдандыру шараларын жүргізуді міндеттеді.
Бейсенбай Дәулетұлы күрделі жөндеуді қажет ететін «Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасында болды. Типтік үлгіде салынған ғимарат 2011 жылы қолданысқа тапсырылған. Екі қабатты нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, оң қорытынды берілген.
«Үркер» жалпы орта мектебі 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 500 орындық білім беру мекемесі 2025 жылдың қаңтар айынан бері шалғайдан келіп оқитын оқушылар жатақханамен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ автобуспен тасымалдау да ұйымдастырылған. Білім ошағы кең, заманауи жиһаздар және техникалармен жабдықталған. Мектеп аумағынан жазғы сауықтыру лагері ашылған. Б.Тәжібаевқа мектептің жетістіктері мен алдағы жоспарлары баяндалды. Сәуір айында балабақшаны іске қосу көзделіп отыр.
Ал «Кентау қалалық емханасына қарасты «Қарнақ» бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы 1989 жылы бой көтерген. Соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген. Орталыққа 13 мыңнан астам азамат тіркелген. Облыс басшылығы медицина орталығының инфрақұрылымын мұқият бақылады. Жауаптылардың айтуынша, медицина ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда.